Терроризм мен террорлық актілерге
қатысты ғалымдардың фәтуәлары
Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!
Расында, мақтаулар мен мадақтарға Аллаһ лайық! Оны дәріптейміз, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынамыз. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед – Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.
Одан кейін:
Аллаһ Тағала былай деді: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» (Нәхл сүресі, 43-аят).
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бұл білімді әрбір ұрпақтан әділеттілер[1] алып жүреді. Олар бұл білімді шектен шығушылардың бұрмалауынан, адасқандардың қоспалары мен надандардың түсіндірмелерінен сақтайды» әл-Бәйхақи 10/209, Ибн Уәддах 2, әл-Хатыб 1/29. Бұл хадистің сенімділігін Ахмад, әл-Ләләкәи, хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр, әл-‘Уқайли, Ибн әл-Уәзир, әл-Қасталәни, әл-Әлбәни және ‘Абдул-Қадир әл-Әрнәут сияқты имамдар растады.
Шейх Ибн Баз бастаған Сауд Арабия ғалымдарының жоғарғы кеңесі 1988 жылы Ислам елдеріндегі және басқа да мемлекеттердегі жасалып жатқан террорлық актілерге қатысты былай деп шешім шығарды:
«Егер шариғат талаптарына сай белгілі бір кісі жарылыс жасаудың кез келген түрімен айналысса, немесе адамдардың өміріне қол сұғып, жеке немесе қоғамдық мүліккке тиісілі тұрғын үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, зауыттарды, көпірлерді, қару-жарақ қоймаларын, су қоймалары мен мұнай құбырларын жару арқылы жер бетінде бұзақылық таратса, немесе ұшақтарды басып алып жарып жіберсе, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірсе немесе соған ұқсас әрекеттермен айналысса, айыпталушы өлім жазасына кесілуге лайық. Мұндай әрекеттерді жасаушы кісі өлім жазасына кесілуге лайықты, әрі жарылыс жасаумен айналысатындар қарақшыларға қарағанда, көбірек қауіп төндіріп, зор зиян әкелетініне Құранның аяттары[2] дәлел. Егер жеке тұлғаларға қастандық жасап, тонап немесе өлтіретін қарақшыларға Аллаһ өлім жазасына кесуді белгілесе, қаншама кінәсіз жанға қайғы-қасірет әкелген террористер тіптен өлім жазасына лайықты». Қараңыз: “әл-Фәтәуә шәр’ия фил-қадаял-’асрия” 21.
Шейх Ибн Баз ұшақтарды басып алып, кепілдікке тұтқын ұстауға қатысты былай деді:
«Аллаһқа мадақ! Пайғамбарымызға, оның отбасы мен сахабаларына және оның жолына ілескендерге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Басында бір шоқым миы бар адамның өзі ұшақтарды басып алу, елшілік қызметкерлері мен басқа да кісілерді кепілдікке тұтқында ұстау[3] – аса ауыр халықаралық қылмыстың қатарына жататынын түсінеді. Бұл қылмыс өзінен кейін өте үлкен көлемді зардап әкеліп зиян тигізеді[4], әрі бұдан жазықсыз жандар жапа шегеді.
Мұндай қылмыстар жеке мемлекеттер мен топтарға ғана зиян әкелмейді, керісінше бүкіл әлемге кесірін тигізеді, ал бұл дегеніміз үкімет пен барлық ресми тұлғалар, оның ішінде ғалымдар да, бұған айрықша назар аударып, осы зұлымдықтың толықтай жойылуына бар күшін салу қажет деген сөз. Аллаһ Тағала Құран Кәрімді барлық нәрсенің түсіндірмесі ретінде, әрі басшылық ретінде және мұсылмандар үшін мейірім мен қуанышты хабар ретінде түсірді, сондай-ақ Өз пайғамбары Мұхаммедті (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлемдерге рақым ретінде және Аллаһтың бүкіл құлдарына дәлел ретінде жіберіп, барлық адамзатқа Өз шариғатын басшылыққа алуын парыз етті, ал келіспеушілік туындаған жағдайда Құран мен Сүннетке жүгінуді бұйырды. Аллаһ Тағала былай дейді: «Раббыңмен ант! Олар сені араларында туған келіспеушіліктерде би (үкім шығарушы) қылып алмайынша, сосын жүректерінде шығарған шешіміңнен ақау таппайынша және толық бойұсынбайынша иман келтірмейді» (Ниса сүресі, 65-аят).
Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Олар надандық дәуірінің (жәһилия) үкімін іздей ме? Анық сенген ел үшін Аллаһтан жақсы үкім беруші кім?» (Мәида сүресі, 50-аят).
Аллаһ Тағала тағы да былай дейді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһқа бағыныңдар, елшіге бағыныңдар және араларыңдағы билік иелеріне. Егер Аллаһқа және Ақырет Күніне иман келтірсеңдер, тартысқан кез-келген нәрсені Аллаһ пен елшісіне қайтарыңдар. Бұл жақсырақ, әрі соңы да хайырлы!» (Ниса сүресі, 59-аят).
Бүкіл ғалымдар Аллаһқа бағыныңдар деген сөздердің астарында Құранға жүгіну, әрі елшіге бағыныңдар деген сөздердің астарында елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде тікелей өзіне, қайтыс болғаннан соң Сүннетіне жүгіну айтылуда деп бірауызды келіскен. Ал Аллаһ Тағала: «Не нәрседе талассаңдар да, оның үкімі Аллаһта», - дейді (Шура сүресі, 10-аят).
Барлық адамдарға зиян тигізетін әрекеттердің қатарына ұшақтарды басып алу да жатады. Ұшақты басып алған адам Ислами мемлекеттің қолына түссе, оны шариғат бойынша үкім етуі тиіс, себебі сондай жиіркенішті қылмыс жасау – Аллаһқа бағынбау, әрі Оның құлдарының құқығын таптау болып саналады. Ондай қылмыстардың жолын кесудің жалғыз ғана жолы – бұл адамзатқа жіберілген ең ықыласты, әрі ең лайықты Мұхаммед пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) уахи етілген Құрандағы Аллаһтың шешімін жүзеге асыру болып табылады. Бұл шешімнің мәнін ұшақты жаулап алушы да, соған қатысы бар кісілер де түсінуі тиіс. Егер ол мұсылман болса, ол осы шешімге разы болуы керек, ал егер ол мұсылман болмаса, онда Аллаһ Өз пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бәрі-бір шариғатқа сай үкім етуді бұйырды, бұған Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел болады: «Егер олар саған келсе, араларына Аллаһтың уахи еткенімен үкім бер, немесе олардан жүз бұр» (Мәида сүресі, 42-аят).
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, егер ұшақтарды жаулап алған кісілер белгілі бір мұсылман мемлекетінің билігінен пана сұрап келген болса, ол мемлекет осы істі қарастырып, жан-жақты зерттеп, Құран мен Сүннет негізінде сәйкесінше шариғи шешім шығару үшін ғалымдар комиссиясын құруға міндетті. Комиссия мүшелері мына аятқа: «Расында, Аллаһ және Оның елшісімен соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасайтындардың жазасы – өлтірілулері, не асылулары, немесе қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе жерден айдалулары. Бұл олардың дүниедегі жазасы. Және олар үшін Ахыретте ірі азап бар»[5] (Мәида сүресі, 33-аят), - қатысты басқа да ғалымдардың пікірін, сонымен қатар барлық мазһаб имамдарының қарақшылар туралы айтқан сөздерін ескеру қажет. Ұшақты жаулап алған қылмыскерлер пана сұрап барған мұсылман мемлекетінің үкіметі ғалымдар комиссиясының шешімін бұлжытпай орындауға міндетті, әрі бұл Аллаһқа шынайы бағынудың, әлгі ауыр қылмыстардың қайталанбауына ат салысқаныдығының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және тұтқынға түсіп жапа шеккендерге қол ұшын созып, мейірімділік пен әділдік танытқанның көрінісі болмақ.
Аталмыш қылмыстандың ауырлығы мен аса қауіптілігін ескере отырып, осы айтқандарымды мұсылмандарға игі насихат ретінде, әрі өз борышымды өтеп ресми тұлғаларға көмек мақсатында басылым беттерінде жариялау қажет деп шештім.
Раббымнан мұсылмандардың жағдайын дұрыстауды, тура жолмен жүргізуін және үкімет те, қарапайым халық та шариғатқа сай шешім шығаруына көмек көрсетуін сұрап дұға етемін. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын». Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә уәл-мәқаләт” 1/276-278.
Сұрақ: «Сіз «Жәмә’атул-жиһад» деп аталатын топ туралы не айтасыз? Олармен жақсы қарым-қатынаста болуға бола ма?»[6]
Шейх Ибн Баздың жауабы: «Біз олармен жақсы қарым-қатынаста болмауыз қажет, тіпті оларға сәлем бермеу керек. Оларды шеттетіп, жұртты олардан сақтандыруға тиіспіз, себебі, олар – мұсылмандар үшін бүлік әрі зиян. Олар – шайтанның бауырлары!»[7] Қараңыз: «Кәйфә ну’алижу уәки’анәл-алим» 108-109.
Сұрақ: «Шетелден келген туристер мен мұсылман мемлекетіне қыдырып келген басқа адамдарға шабуыл жасаудың үкімі қандай?»
Шейха Ибн Баздың жауабы:
«Сіз айтқан кісілерге де, басқа да кісілерге, турист болсын немесе жұмысшы болсын, шабуыл жасауға болмайды, себебі олар мемлекеттің ішіне бейбітшілікпен кірген, әрі оларға қауіпсіздік кепілдігі (әмән) берілген.[8]
Тіпті, оларды кез-келген ұнамсыз нәрселерден қорғаштау қажет деп мемлекеттік органдарға ұсыныс жасау керек, ал оларға шабуыл жасау рұқсат етілмейді. Ешкім олардың өміріне қол сұқпауы тиіс, ұруға да, жәбір көрсетуге де болмайды, ал түсініспеушілік туындаған жағдайда билік орындарына жүгіну қажет. Ондай кісілерге шабуыл жасауға болмайды». Қараңыз: «Мәжму’ул-фәтәуә» 8/239.
Шейх Ибн Баз тағы былай деген:
«Шүбәсіз, осы терактілерді жасайтындар – Аллаһқа және Қиямет Күнге иман келтірмейтіндер. Сен Аллаһқа және Қиямет Күнге шынайы иман келтірген кісілердің ішінен, сонша үлкен зиян әкеліп, орасан зор бұзақылыққа ұласатын жиіркенішті қылмыс жасайтындарды көрмейсің. Мұндай әрекеттерді тек жүректері өшпенділік пен ызаға, көреалмаушылық пен бұзақылыққа толы кісілер ғана істей алады, әрі олар Аллаһқа және Оның елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы иман келтірмеген! Біз Аллаһтан жақсылық болуын сұраймыз». Қараңыз: “әл-Фәтәуә” 7/120 және «Жәридатул-Мәдинә» 5.25.1416 х.ж.
Шейх әл-Әлбәнидің жастарға насихаты
Сұрақ: «Кейбір ислам елдерінде күнә жасалатын орындарды жойып, немесе кейбір пасық кісілер мен кәпірлерді өлтірумен айналысып, әрі бұны жиһад және жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару деп есептейтін мұсылман жастарына бұдан кейін келетін зиянды ескеріп қандай насихат айтасыз? Оның үстіне бұдан кейін келетін зиянды ескерсеңіз!»
Жауап: «Расында, әлдебір жеке тұлғалардың кейбір ислам елдерінде жасап жатқан адам өлтіру, қирату, қан төгу және сол сияқты әрекеттері – рұқсат етілмеген, әрі бұны рұқсат ететіндей ешқандай себеп жоқ! Ал бұл нәрсені рұқсат ететін себеп – бұл Аллаһтың заңы, мұндай пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), ізгі халифтердің және басқа мұсылман әмірлерінің тұсында болды. Мұсылмандардың басшысы (жазаға лайықты) кейбір күнәһарларды немесе мұсылмандармен соғысатын кәпірлерді өлтіруді бұйырса ғана ондайды істеуге болады». Тыңдаңыз: “Силсиләтул-һуда уә-ннур” № 691.
Шейх Ибн ‘Усәймин Сауд Арабияда болған теракт жөнінде былай деді:
«Күмәнсіз, мұндай әрекеттерге кез-келген ақылы бар кісі разы болмайды, ал мұсылман адам тіптен разы болмайды, себебі, бұл – Құран мен Сүннетке қайшы келеді. Мұндай әрекеттердің кесірінен Исламға іштей де, сырттай да зиян тиеді. Бұл – орасан зор қылмыс, әділетсіздер ешқашан табысқа жетпек емес. Иншалллаһ, жақын арада олар өз жазаларын ала жатар. Ал білім ізденуші студенттерге келер болсақ, оларға осы жол – мүшриктерге тиіспей, керісінше мұсылмандардың қанын төгуді рұқсат деп санаған жиіркенішті жол, хауариждердің жолы екенін түсіндіру міндетті болып табылады». Қараңыз: «Фәтәуә әш-шәр‘ия фи кадая әл-‘асрия» 47.
Шейх Салих әл-Фаузанға сұрақ:
«Алжирдің бір уағыздаушысы кітап жазыпты, ол кітаптың ішінде адам өлтіру Сүннетке сай келеді, бірақ ол ұмытылған дей келе, дәлел ретінде Кә’б ибн әл-Әшраф пен мұсылман әйелге көз салған әлгі яһудейді өлтірілуі туралы хабарды келтіріпті. Осы жөнінде не айтасыз?»
Жауап: «Кә’б ибн әл-Әшрафтың өлтірілуі туралы хабар адам өлтірудің рұқсат етілгендігіне дәлел бола алмайды, себебі Кә’б ибн әл-Әшраф сол кезде басшы болған Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығымен өлтірілді, ал келісім бойынша, Кә’б ибн әл-Әшраф оған бағыныштылардың қатарына жатады. Бұл кісі келісім-шартты бұзып, сатқындыққа барды, сондықтан ол мұсылмандарға зиян тигізбеуі үшін оның қаны рұқсат етілді. Ол мұсылман басшыдан бөлек өзінше бір жеке тұлғалардың немесе белгісіз бір топтың бұйрығымен өлтірілмегенін ұмытпауымыз керек, қазіргі кездегі туристердің қанын төгу сияқты емес. Ондай әрекеттер анархия деп бағаланады, ал Ислам анархияны ешқашан қолдамайды, өйткені ол Ислам мен мұсылмандарға орасан зор зиян әкеледі».[9]
Сұрақ: «Кәпірлердің әйел, бала-шағаларын өлтіру туралы не айтасыз? Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кәпірлердің әйелдері мен балалары туралы: «Олар кәпірлерден» деген еді ғой».
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Бұл жиһад кезінде, бауырларым, бұл жиһад кезінде! Егер кәпірлердің жерін жаулап алу барысында немесе олардың қорғандарына шабуыл жасалған кезде абайсызда әлгілер о дүниелік болып кетсе, бұда еш күнә жоқ».
Сұрақ: «Кейбіреулердің бүгінгі күні жасалып жатқан жарылыстар аса қажет, өйткені бұл кәпірлерге зиян тигізеді[10], ал мұсылман үмметі болса әлсіз, әрі қорлық көріп жатыр деген көзқарасқа не айтасыз?»
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Яғни олар мұсылмандардың әлсіздігі мен қорлығын одан сайын арттырайық демекші ме?! Қазіргі кезде үммет әлсіз, әрі қорлық көріп жатыр, ал олар болса кәпірлер мұсылмандарды жеңіп, одан әрі билігін күшейтуді қалайды! Бұл даналық емес, бұл даналық емес! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кәпірлер басқарған Меккеде он үш жыл бойы өмір сүрді, бірақ ол сахабаларға кәпірлерге зиян тигізіп, олардың үйлерін өртеуді, немесе олардың дүние-мүлкін тартып алуды бұйырған жоқ, өйткені бұл мұсылмандарға одан да үлкен залал тигізер еді! Ол Мәдинаға қоныс аударып (хиджра), сол жақта ансарлардың көмек көрсетуімен өз мемлекетін құрғаннан кейін ғана кәпірлерге қарсы соғыс ашып, жиһад жасады». Қараңыз: «Фәтәу әл-муһимә» және «әл-Жиһад уә даубитух» 47-51.
Сұрақ: «Қазіргі таңда адамдар Ислам дінін террормен, айуандықпен байланыстыра бастады, бұған себеп кейбір мұсылмандардың қателігі деп ойламайсыз ба? Сондай-ақ Ислам дініне қатысты деген сыңайлы осындай лайықсыз айыптауларды қалайша сейілтуге болады?»
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Кәпірлер қадым заманнан бері Исламмен күресіп келе жатыр, адамдар Исламды жек көруі үшін және одан қашыру үшін олар Хақ дінді ең жаман сипаттармен сипаттайды. Аллаһ Тағала былай деп хабарлады: «Олар Аллаһтың нұрын ауыздарымен өшіруді қалайды. Бірақ Аллаһ бұған жол бермейді де, Өз нұрын толықтайды, тіпті бұл кәпірлерге жек көрінішті болса да» (әт-Тәубә сүресі, 32-аят). Жоғарыда айтылған Исламды террормен, айуандықпен байланыстыру да осыған кіреді, бірақ олар террорлық, айуандық, халықтарды қорлау, еш қақысыз адамдарды басып алып, оларға өз үстемдігін орнату және сол сияқты барлық жаман қасиеттер кәпірлердің діні мен кәпірлердің өздеріне тән екенін ұмытады!
Ал кейбір өзін Исламға жатқызатын бұзық жеке тұлғалардың озбырлығына келер болсақ, олардың не надандықпен, немесе әдейі зиян тигізу мақсатында істеп жатқан әрекеттері Исламға еш қатысы жоқ, өйткені Ислам мұндай әрекеттерді тыйым салады. Мұндай айыптауларды Исламнан тазартудың бірден-бір жолы – әлгі тұлғалардың әрекеті тек өздерінің жеке озбырлығы екенін, әрі мұндай әрекеттер Исламға еш қатысы жоқ екенін түсіндіру болып табылады. Өйткені әрбір мұсылман қателеседі ғой және Аллаһ елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа ешкім қателіктен сақтандырылмаған». Қараңыз: «әл-Мунтака мин фәтәуә әш-Шейх Салих бин Фаузан бин ‘Абдуллаһ әл-Фаузан» 1/415.
Шейх Ибн Жибринге сұрақ: «Белгілі бір мемлекеттің меншігіндегі ұшақты немесе кемені жаулап алып, сол елге қысым көрсететін бір адамдар бар. Олар жолаушыларды өлтіреміз деп қорқытады, тіпті кейде өз талаптары орындалмайынша кейбір жолаушыларды шынымен өлтіріп тастайды. Міне, осындай әрекеттердің үкімі қандай? Оның үстіне мұндай әрекеттер жолаушылардың зәресін алады».
Жауап: «Әрбір мемлекет осындай көтерілісшілердің басып алу әрекетін болдырмау үшін жеткілікті түрде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті. Әрбір мемлекет кез-келген басып алушының шабуылына қарсы тұру үшін жеткілікті түрде өз әуе жолындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті, әрі жолаушылар орналасамын дегенше оларды толықтай қарап шығуға тиіс. Олар ешкімде қару-жарақ жоқ екеніне, тіпті бір кесек метал жоқ екеніне көз жеткізбейінше ешкімді бортқа өткізбеуі керек. Осыған қосымша ретінде: кейбір қарақшылар ұшақты жолдан тайдыру үшін ұшқышты мәжбүрлейді, сонымен, егер ұшқыштар командасының арасында немесе жолаушылар арасында оларды жеңе алатындай жеткілікті түрде жаттыққан біреу болса, қарақшылардың жоспары бұзылу керек. Ұшақты басып алу – қателік, надандық әрі бидғат екені шүбәсіз. Керек десеңіз, бұл – жолаушылардың зәре-құтын қашыратын, шектен шыққан қылмыс». Қараңыз: “Кәйфә ну’алижу уәки’анәл-алим” 113.
Шейх ‘Абдуль-‘Азиз әр-Ражихи өзін-өзі жарудың зияны туралы айтқаны:
«Жарылыстар – бұл бұзақылық және қылмыс! Бұзақылық және қылмыс! Ал үйлерді жарып және жазықсыз жандарды өлтіріп, өзін-өзі жарушы, Аллаһ бізді бұдан сақтасын, көптеген қылмыстарды жасайды:
Оның бірінші қылмысы – ол өзін-өзі өлтіреді, ал бұл – осыны істеген адамды Отқа тастайтын өте үлкен күнә болып табылады! Пайғамбар ( оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Кім өзін-өзі бір нәрсемен өлтірсе, Қиямет Күні сонысымен азапталады!» әл-Бухари және Муслим.
Екінші қылмыс – ол иман келтірген мұсылмандарды қақысыз өлтіреді. Бұл да – өте үлкен күнәлардың қатарына жатады. Аллаһ бұл жөнінде: «Кім бір мүминді қасақана өлтірсе, оның жазасы - ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ, оған Аллаһтың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған!» (ән-Нисә сүресі, 93-аят).
Үшінші қылмыс – келісім-шарты болған кәпірлерді өлтіру. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім келісім-шарт жасасқан кәпірді өлтірсе Жәннәттің хош иісін сезбейді!» - деген. әл-Бухари және Муслим. Ал бұл тіпті мұсылмандармен соғысып жатқан кәпірге де қатысты, егер ол мұсылмандардың жеріне қауіпсіздік кепілдін алып кірген болса!
Төртінші қылмыс – бұл мал-мүлікті жою және бүлдіру. Олар жарып жатқан ғимараттар мен құрылыстар, оларға қанша миллиондар шығын болды?! Ал бұл – үлкен ақша ғой!
Бесінші қылмыс – жер бетінде бұзақылық тарату, ал Аллаһ Тағала: «Ақиқатында, Аллаһпен және Елшісімен соғысқандардың және жер бетінде бұзақылық таратуға ұмтылып жүргендердің жазасы - өлтірілулері, не асылулары, яки, қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері, немесе елден айдалулары. Бұл - олардың дүниедегі жапасы. Ал Ахиретте олар үшін ірі азап бар» - деген (әл-Мәида сүресі, 33-аят).
Алтыншы қылмыс – муминдерге қорқыныш (үрей) салу.
Жетінші қылмыс – қауіпсіздікті бұзу.
Сегізінші қылмыс – бұл іс-әрекеттер бұзақылар мен екіжүзділерге мұсылмандар туралы жаман сөздер айтуға сылтау береді. Ал ендеше, мұсылман адам осындай амалымен нені қалайды?! Аллаһтың жолындағы жиһадты қалайды ма?! Кейбіреулер осылай деп айтады. Бірақ осы – жиһад па?! Бұл - қандай жиһад?! Өзіңді-өзің өлтіру, тіпті өзіңді кәпірлердің ортасында жарып тастасаң да, қалайша жиһад болмақ? Бұл – жиһад емес!» Тыңдаңыз: “Шәрх Усул әс-Суннә”.
Шейх ‘Абдул-‘Азиз Али Шейх 11 қыркүйек күні АҚШ-та болған теракті жөнінде:[11]
«Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ! Пайғамбарлар мен елшілердің ішіндегі ең лайықтысы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
11-қыркүйек күні АҚШ-та болған жарылысқа қатысты бізге көптеген сұрақтар келіп түсуде. Адамдар шариғат мұндай әрекетке қалай қарайды, Ислам діні мұндай істерді құптай ма деп сұрап жатыр.
Аллаһтан көмек сұрай отырып мен былай деймін: адамзатқа Исламды түсірген Аллаһ бізге мейірімін төкті. Ол бұл діннің іске асуы ретінде кез-келген орын мен кез-келген уақытқа жарамды, жеке адамдар мен қауымдардың жағдайларын жақсылыққа қарай өзгерте алатын, ізгілікке, әділеттілік пен қайырымдылыққа шақыратын, ширк пен жамандықтан, зұлымдықтан, әділетсіздек пен опасыздықтан бас тартуға үндейтін кемел шариғатты бекітті. Бізді осы Ислам дініне қарай бағыттап, осы дінді ұстанатын жақтаушылары етуі – Аллаһ Тағаланың ұлы нығметтерінің бірі, өйткені шариғаттың үкімдеріне бағынатын, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне еріп, ешбір нәрседе бұл діннен ауытқымайтын мұсылман екі дүниеде де ешқандай зиянға ұшырамайды.
Мыңдаған адамның өліміне әкеп соқтырған АҚШ-тағы қайғылы оқиға, шүбәсіз, шариғат құптамайтын амалдардың қатарына жатады. Мұндай әрекет Исламға ешқандай қатысы жоқ және ол шариғи негіздерімен үйлеспейді. Бұл айтқанымыз төменде келтірілгенмен расталады:
1. Аллаһ Тағала әділетті болуға бұйырды, өйткені әділеттіліктің негізінде жер мен көктер аман-есен тұр, сондай-ақ елшілер мен көктен түскен Кітаптар адамдарды әділетті болуға шақырады. Аллаһ Тағала былай дейді: «Негізінде, Аллаһ әділеттілікті, ізгі іс жасауды және ағайынға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, қарсылықтан және күнәһарлықтан тыяды. Әрі түсінулерің үшін сендерге насихат береді» (ән-Нәхл сүресі, 90-аят).
Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Елшілерімізді ашық дәлелмен жібердік. Және елшілермен бірге адам баласы әділ болуы үшін Кітапты, мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) түсірдік» (әл-Хадид сүресі, 25-аят).
Сондай-ақ, әділеттілігі кемел Аллаһ Тағала ешбір адамға өзгенің күнәсін жүктеуге болмайтындығын үкім етіп былай деді: «Ешкім өзгенің (күнәсінің) ауыртпашылығын көтермейді» (ән-Нәжм сүресі, 38-аят).
2. Аллаһ Тағала, Оған мадақтар болсын, Өз-Өзіне әділетсіздікті тыйым салып, Өз құлдарына да өзара әділетсіз болуды тыйды. Бұл туралы худси хадистердің бірінде Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, құлдарым Менің! Расында, Мен Өз-Өзіме әділетсіздікті тыйым салдым және сендерге де өзара әділетсіз болуды тыйым салдым. Ендеше, бір-бірлеріңе қысым жасамаңдар!» Муслим. Бұл тыйым Аллаһтың барлық құлдарына қатысты, мұсылман болсын-болмасын. Демек, ешбір адам басқа бір адамға әділетсіздік қылуға болмайды, әрі тіпті ешбір адам дұшпандық пен өшпендіктің ықпалымен әділетсіздік қылып қоюына жол бермеуі тиіс.
Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралықпен мықты тұрыңдар. Және бір елге деген өшпенділіктерің сендерді әділсізетдікке тартпасын» (әл-Мәида сүресі, 8-аят).
Осылайша, біреуге деген дұшпандық пен өшпендік сезімі оған зорлық көрсетіп, әділетсіздік қылуға заңды негіз бола алмайды.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, бүкіл елдер мен халықтар, Исламды ұстанса да, ұстанбаса да, мынаны білуі тиіс:
1. АҚШ-та орын алған, сондай-ақ осыған ұқсас басқа да ұшақтарды басып алып қашу, бейбіт тұрғындарға қорқыту немесе жазықсыз жандарды өлтіру сияқты іс-әрекеттер әділетсіздік пен қысым көрсетудің бір түрі болып табылады. Мұндай әрекеттерді шариғат құптамақ түгілі, оларға тыйым салып, ең ауыр күнәлар қатарына жатқызады.
2. Өз дінінің қағидаттарымен таныс, әрі іс жүзінде Құран мен өз пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін ұстанатын мұсылман кісі мұндай әрекеттерге қатысудан бас тартады, өйткені ондай әрекеттерге баратын адам Аллаһтың қаһарына ұшырап, жұртқа зиян тигізеді.
3. Мұсылман үмметінің ғалымдары мұндай оқиғалардың шынайы мәнін көрсетуге міндетті, бүкіл әлемге шариғаттың ұстанымын түсіндіріп, Ислам діні мұндай әрекеттерді еш құптамайтынын жеткізу керек.
4. Исламды және мұсылмандарды қаралау арқылы бүлік туғызып, адамдардың жүрегінде дұшпандық сезімін лаулату мақсатында, мұсылмандарға қарсы айып тағып, ақиқат дінге күйе жағып, Исламға қатысты болмаған нәрсені оған таңатын, ақпарат құралдарының артында тұрған кісілер ақылға келіп, өз дінінің ереже-қағидаттарымен таныс болған кез-келген әділетті, ақылды адам туралы былай айтуға рұқсат етілмейтіндігін, әрі Аллаһтың дініне қарсы айып тағуға болмайтындығын түсінуге тиісті. Өйткені, Ислам дінін ұстанатын халықтар ғасырлар бойы әрдайым адамдардың құқықтарын құрметтеп, әрі әділетсіздік пен зорлық-зомбылық көрсетуден аулақ болып келе жатыр.
Осы айтылғанның барлығы ақиқатты түсіндіріп, айқын емес нәрселердің бәрін жояды. Аллаһ Тағаладан бізге ақыл-парасат беріп, бейбітшілік жолымен жүргізіп, әрі Өз дінін нығайтып, Өз Сөзін ұлықтауын нәсіп етуін сұраймын. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына мен сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын».[12]
Сауд Арабиясының бұрынғы жоғарғы соты (қадий) шейх Салих әл-Люхайданның 11-қыркүйек күні АҚШ-та орын алған теракті жөнінде:
Не болса да, Аллаһқа сансыз мадақ, Оның мейірімімен жақсылық жасалып жатыр, бүкіл нәрсенің тағдырын белгілеп және бекітіп қойған Аллаһқа мадақ!
Адамдар АҚШ-та болған жайтқа қатысты түрлі пікірлердің тууына не себеп болғанын, әрі АҚШ-тың басына түскен қасірет жөнінде білгісі келіп, бізге де, бір-біріне де сұрақ қойып жатыр, мұндай оқиғалар шариғат тұрғысынан қалай бағаланатынын білгісі келеді.
Еш күдіксіз, Ислам шариғаты – кез-келген оқиғаға қолданып пайданалуға болатын, кез-келген апат пен оның көлемін анықтауға мүмкіндік беретін, соның ішінде жақын күндерде орын алған оқиғаны анықтауға мүмкіндік беретін, бүкіл нәрсені қамтитын, кез-келген мәселенің шешімі бар діни заң. Көбіне адамдар мұндай мәселелерге шариғаттың көзқарасы қандай, шариғат мұндайды рұқсат ете ме, мұсылман ғалымдары осындай әрекеттерді құптай ма деген сыңайлы сұрақтарды өте жиі қояды.
Ислам діні осындай оқиғаларға қатысты не айтады?
Мұсылман ғалымдары орын алып жатқан барлық жағдайлар туралы айтып, мұсылмандар мен мұсылман емес кісілердің басына түскен бақытсыздықтарға қатысты шариғаттың көзқарасы қандай екенін түсіндіруі керек.
Барлық нәрсе Аллаһтың тағдыры мен үкімі бойынша орын алып жатқанына және шариғат кез-келген оқиғаларға қолдануға жарамды екеніне еш күмән жоқ. Аллаһ – даналардың Ең Данасы, мейірімділердің Ең Мейірімдісі, әрі Ол Әділетті шешім Шығарушы. Ол Өз-Өзіне әділетсіздікті тыйым салып, Өз құлдарына да өзара әділетсіз болуды тыйым салды, бұл жөнінде құдси (худси) хадистердің бірінде Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, құлдарым Менің! Расында, Мен Өз-Өзіме әділетсіздікті тыйым салдым және сендерге де өзара әділетсіз болуды тыйым салдым. Ендеше, бір-бірлеріңе қысым көрсетпеңдер!» Муслим 2577.
Жазықсыз жан зорлық-зомбылыққа ұшырап, ешбір қылмыс жасамаған кісінің қаны төгіліп жатса – бұл әділетсіздік көрінісі болмақ. Тек адамзатқа ғана емес, жындарға да мейірімділік пен жанашырлықтың пайғамбары етіп жіберілген Мұхаммед пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға барлық қажетті нұсқауларды түгел көрсетіп берді. Ол әскери жорықтар мен соғыс әрекеттерге қатысты, ал жауынгерлерді жорыққа дайындау кезінде: «Сендер баланы да, әйелді де, қаусаған қартты да, өзінің жеке бөлмесінде ғибадат етуші монахты да өлтірмеуге міндеттісіңдер», - дейтін. Муслим.
Бұл дегеніміз – Ислам тек өзі адам өлтіріп, соғысып әрі мұсылмандарға шабуыл жасап жүрген адамды ғана өлтіруге рұқсат етеді деген сөз.[13]
Сондықтан, емізулі нәрестелер мен әйелдер, қаусаған кемпір-шалдар, ауру мен сау кісілер құрбан болып жатқан осындай қылмыстар, дүние-мүлік пен оның иелеріне зиян тигізіп жатқан осы қылмыстар – орасан зор қылмыс, өте үлкен күнә болып саналады. Шариғат мұндай әрекеттерді жер бетінде бұзақылық таратып, егіндер мен малдарды жою деп бағалайды, әрі мұны Ислам тыйым салады, өйткені мұндай әрекеттерді Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған. Әскери жорықтардың бірінде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлтірілген әйелді көріп: «Онымен соғыспау керек еді», - деген. Әбу Дәуд келтірген. Ал бұл дегеніміз – әлгі әйелді өлтіру мүлде тыйым салынған іс екендігін білдіреді.
Мұсылман адам тіпті дұшпанына әділетсіздік жасалып, қайғы-қасіретке ұшырағанда қуанбайды, өйткені әділетсіздікке мүлдем рұқсат жоқ, ал жазаға лайықсыз кісіге қарсы қастық жасау – тыйым салынған, әрі жиіркенішті.[14] Ал куәгерлердің көз алдында жасалып, жұртқа жария болып, әрі ол қылмысты көзімен көрген кісілерге үрей туғызған қылмыс туралы не айтуға болады, және қалайша мұсылмандар осындай әрекеттерді құптайды деуге болады?!
Болған жайтты ақтау үшін айтылатын негіздемелердің барлығы орынсыз болып табылады, әрі Ислам шарттарына салып қарар болсақ, мұндай істердің ақталуы мүмкін емес. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала мұсылмандарға қаратып былай дейді: «Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралықпен мықты тұрыңдар. Және бір елге деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздікке тартпасын» (әл-Мәида сүресі, 8-аят).
Жер мен көктер әділдікке сүйеніп негізделген, ал жұртты жаппай жазықсық жазалауға келер болсақ, ол әділдікпен еш ұштаспайды, әрі ол – әділетсіздік, зорлық-зомбылық, жиіркенішті амал деп жазылады. Өйткені, бір кісінің қанын төгудің өзі аса ауыр қылмыс болса, мыңдаған жазықсық жандарды өлтіру қаншалықты ауыр күнә болмақ?!
Мұсылман адам мұндай жан түршігерлік көріністерді мақұлдауы мүмкін емес, талай адамдар бұл қылмыстың салдарына куә болды, сондай-ақ, мүмін кісі мұндай қылмыскерлердің ақталуын да есепке алмайды, тіпті олар ислами ортада, мұсылман мемлекетінде өсіп-өнген болса да. Тек ғалымдардың сөздері мен шариғат осындай әрекеттерді аса қауіпті қылмыстардың санатына жатқызуы ғана маңызды болып табылады.
Сауд Арабия Корольдігіне алғаш рет ұшақтарды басып алып қашу туралы хабарлар мәлім болғанда, ол ұшақтардың арасында сол кезде бірде-бір саудиялық ұшақ жоқ болатын, осы мемлекеттің ғалымдары ұшақтағы жолаушылар мұсылман екеніне немесе мұсылман емес екеніне қарамастан, мұндай лаңкестік әрекеттерді дереу тыйым салды. Ғалымдар мұндай әділетсіздік – харам етілген, ал жұртқа негізсіз зорлық-зомбылыққа салып, үрей тудыру – ең ұлы жамандықтардың қатарына жатады, әрі бұл бұзақылықтың (пасықтықтың) көрінісі деп тапты.
Шариғат үкімдеріне ілесетін Ислам мемлекеті ретінде Сауд Арабия Корольдігі мұндай әрекеттерді де, ондай әрекеттерді істеушілерді де айыптағаны таңданарлық жәйт емес, өйткені бұл мемлекет не бастаса да, оның сол жолдағы қадамдары Исламға қайшы келмеуі керек. Бұл дегеніміз лаңкестік әрекеттерді айыптайтын ел – дін үкімдерін басшылыққа ала отырып, Ислам тұрғысынан қарайды деген сөз, себебі бұл елдің аймағында екі мұсылмандық қасиетті мекен орналасқан, әрі осы жерден Ислам елшілігі өз бастауын алып, шартарапқа таралған, сондықтан да бұл елдің мұндай лаңкестік әрекеттерді де, лаңкестерді де, лаңкестерге пана беріп жасырып отырғандарды да, олардың әрекеттерін жөн көретіндерді де құптамай, айыптайтындығына таңданудың қажеті жоқ.
Исламды ұстанып, шариғаттың мақсаттарынан хабары бар кісі, шариғат қаншалықты Аллаһтың құлдарына мейірімді, рақымды екенін білетін кісі мұндай лаңкестік әрекеттерді – жұртқа аса зор зиян әкелетін жек көрінішті амал деп санайды.
Осы сөзімді сөйлемес бұрын маған көптеген сұрақтар қойылды. Қойылған сауалдардың көптігіне байланысты, әрі жұрт сот ведомствосының басшының сөзін есту үшін Сауд Арабия Корольдігінің заң органдарының ұстанымын білгісі келіп бірталай сұрақ қойды, осы орайда мен өз сөзімді жариялауды жөн көрдім:
Мұндай (лаңкестік) әрекеттер датталуға лайық, алайда пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөзін ұмытпауға тиіспіз: «Істеген қылмысы үшін тек сол қылмыскердің өзі кінәлі». Әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ. Бұл дегеніміз – егер кімде-кім қылмыс жасаса немесе (біреудің хақысын) аяққа таптаса, осы үшін тек өзі ғана жауапты болады және басқаларға оның кінәсін артудың қажеті жоқ.
Осы бейнекамераның алдында сөз сөйлемес бұрын бір газеттің сұрағына жауап беріп отырып мен мұндай үрейлі әрекет еш ақталмайды, әрі бұл мұсылмандарға қарсы өшпенділік пен кек қайтару істерімен жалғасады деп түсіндірген едім, мұсылмандар мұндай (лаңкестік) әрекеттерді құптамайды да, мақтамайды. Дей тұрғанмен, әркім өзі жасаған күнәсі үшін жауап беруге тиіс, өзге біреудің істеген күнәсі үшін басқа бір жеке тұлға, топтар жауапқа тартылмауы қажет. Ол туралы пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Істеген қылмысы үшін тек сол қылмыскердің өзі кінәлі». Сондай-ақ, Құранда да былай делінген: «Ешкім басқаның күнәсын көтермейді» (ән-Нәжм сүресі, 38-аят).
Шейх Муқбил ибн Һади Мекке мен Мәдина қалаларындағы жарылыстардың артында кімдер тұрғаны туралы айтқаны:
«Біз фитна кезінде өмір сүріп жатырмыз, бізді одан Аллаһ Тағаладан басқа ешкім қорғай алмайды. Және Құран мен Сүннетке тура еру фитнадан құтылу жолы болып табылады, ол туралы пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Араларыңда кімде-кім ұзақ өмір сүрсе, көптеген келіспеушіліктерді көреді. Сондықтан менің Сүннетімді және тура жолдағы ізгі халифалардың сүннетін азу тістеріңмен жабысып ұстаныңдар!» Әбу Дәуд 4607, әт-Тирмизи 2676, Ибн Мәжәһ 42.
«Менің айтарым: Адамдар ғалымдарға жүгінуді қалдырғаннан бастап бақытсыздықтарға душар болып жүр. Ал Аллаһ Тағала былай дейді: «Қашан оларға (мұсылмандарға) қауіпсіздіктен немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға немесе өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын зерттей алатындар білер еді» (ән-Ниса сүресі, 83-аят).
Іс басындағылар – бұл ғалымдар, мұсылман басшылары және ақыл иелері болған тақуалар».
«Менің айтарым: Ақиқатында, біз өмір сүріп отырған осы қоғам тәрбиеге мұқтаж. Бұл қоғам шейх Ибн Баз сияқты, шейх әл-Әлбәни сияқты кісілердің мыңына мұқтаж. Олар бұл қоғамды дұрыс білімнің, таухидтің, даналық пен жұмсақтық негізінде Аллаһқа шақырар еді. Осы екі құрметті ғалымды хизбилер[15] ұнатпайды. Осы екі ғалымды жек көрмейтін бір хизбиді алып келіңіздерші маған!»
«Теракті жасайтындардан былай сұрағымыз келеміз: Сіздер осы жасап жатқан жарылыстардың дұрыс-бұрыстығын бір ғана ғалымнан болса да сұрадыңыздар ма?! Немесе мұның барлығы ақымақ, надан әл-Мәс’аридің бұйырғандары ма? Біз соңғы жасалған жарылыс туралы, оны жасаған кісі пәленше-түгенше деп жатқан жоқпыз, бірақ мұның барлығын әл-Мәс’аридің жақтастары жасағаны түсінікті, әрі олар рафидилерден».
«Әділетсіз Хажаж ибн Юсуф Әнәске (оған Аллаһ разы болсын) көп зиян тигізді, бірақ ол: «Аллаһпен ант етейін, егер менің туыстарым болмаса, оған сондай бір сөздер айтар едім, тіпті сол сөзден кейін ол мені өлтіріп тастайтын еді!» - деген. Әнәс өз туыстарын уайымдайтын. Ал енді жиырма шақты американдықты өлтіріп, кейіннен бүтіндей бір халыққа қорқыныш туғызуға себепші болатындар туралы не айтуға болады?!» Қараңыз: «Мән уәраа әт-тафжир фил-ард әл-Харамәйн».
Шейх Салих ибн ‘Али әл-Ғисуәнға сұрақ:
«Соңғы екі жылда дағуат, жамандықтан қайтару мәселесінде шерулерге, ереуілдерге шығу және адам өлтіру сияқты тәсілдерді әрдайым қолдану қажет, мұның барлығы – ислами жиһад дейтін ислам дағуатымен айналысып жүрген кейбіреулердің сөзін жиі еститін болдық.
Біз сізден мына екі сұраққа жауап беруіңізді өтінеміз:
1) Жоғарыда аталған тәсілдерді шариғи тәсіл деуге бола ма немесе бұлардың барлығын жиіркенішті бидғатқа, тыйым салынған тәсілге жатқызамыз ба?
2) Осындай әрекеттерге шақырып, соларды таратушы кісілерге қатысты шариғат не істеу керек деп бұйырады?»
Жауап:
«Аллаһқа Мадақ.
Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, Аллаһқа шақыру, адамдарға тура жолды көрсету – Аллаһтың дінінің негізіндеріне жататына белгілі, алайда Аллаһ Тағала былай деген: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр! Әрі олармен көркем түрде тартыс жүргіз! Күдіксіз, Раббың тура жолдан ауытқығандарды да, тура жолмен жүргендерді де жақсы біледі» (ән-Нәхл сүресі, 125-аят).
Аллаһ Тағала Мұса пайғамбар мен Харунды перғауынға жіберіп былай деп бұйырады: «...оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар» (Таһа сүресі, 44-аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға даналықпен келді және Исламға шақырушыларға даналықты басшылыққа алып, сабыр қылып өз дағуатын жүргізуін бұйырды. Сонымен қатар, Құранда былай делінген: «Уақытпен ант етемін! Шынында, бүкіл адамзат әлбетте зиянда. Тек иман келтірген, ізгі амал жасаған, бір-біріне шындықты үгіттеген және өзара сабырға үгіттескендерден басқа» (`Аср сүресі, 1-3-аяттар).
Осылайша, адамдарды Аллаһқа шақырып, оларды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтаруға тырысушы кісі сабыр етіп, Аллаһтан сауабын үміт етуі тиіс. Сонымен бірге, ол дағуат қылу жолында кездесетін барлық қиыншылықтарды көтере білуі керек. Адамдармен дөрекі сөйлесетін, немесе оларға жәбір көрсететін (Аллаһ сақтасын одан), немесе тәртіпсіздік туғызуға тырысатын, немесе жұртты бір-бірімен дауластырып, өзара қарым-қатынастарын үзуге тырысатындар туралы айтар болсақ, мұны барлығы шайтанның істерінен және бұл негізінен харижилер дағуатына жатады. Харижилер жамандықты қару арқылы қайтаратын, ал егер бір нәрсе олардың көзқарастарына қайшы келсе, олар қан төгу, адамдарды күпірлікте айыптау (такфир) және сол сияқты істермен айналысатын. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының және ізгі ата-бабаларымыздың дағуаты мен харижилердің және олардың жолына ергендердің дағуатының арасындағы айырмашылық – сахабалар дағуатты білім мен даналықтың, насихат пен ақиқатты түсіндірдің көмегімен жасап, сабыр қылды және Аллаһтан сауабын үміт еткен. Ал харижилер болса адамдармен соғысып, қан төгіп, күпірлікте айыптап және мұсылмандардың арасына жік түсірді, ал ол жиіркенішті істердің, бидғаттың қатарына жатады.
Осындай нәрселерге шақыратындардан аулақ болу қажет, оларға сенбеу керек, өйткені ондайлар мұсылмандардың арасына жік түсірді, ол үшін оларды Аллаһтың қаһары мен жазасы күтіп түр, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Ал егер мұсылмандар ізгілікті бірігіп, бәрі біртұтас болғанда, сөзсіз, үстемдікке жетіп құрметке ие болар еді.
Мұсылмандар партиялар мен топтарға бөлінген кезде олардың арасында қайшылық пайда болады, осы сәтте өзіміздің мұсылмандардың арасынан шыққан дұшпандар бізге қарсы жол табады. Осы теріс жолға бидғатшылар ереді, ал мұсылмандардың арасына араздық туғызып, халиф ‘Али ибн Әбу Талиб пен оны қолдаған сахабаларға (оларға Аллаһ разы болсын) қарсы соғыс ашқандар – ең бірінші осы теріс жолға түскендер еді. Олар жағдайды түзейміз деп ‘Алиге қарсы соғысты, бірақ шын мәнінде, олар тек жік-жік бөлінуге, бидғат пен ыдырауға себеп болды, өйткені осы арқылы мұсылмандар алауыздыққа ұшырап, біраз әлсіреді. Міне, осы айтқанымыз олардың сөздерін қайталап, көзқарастарымен келісіп, оны таратып жүрген әрбір жанға тікелей қатысты. Ондай кісі теріс көзқарасты ұстанады, сондықтан одан алыс болу керек. Себебі, ол өз үмметіне, өз достарына және олмен араласып жүргендерге де зор зиян тигізері хақ. Шынтуайтына келгенде, мұсылман адам өзімен айналысып, өзгелерді жақсылыққа ынталандырып, ақиқат сөзін айтып, ең жақсы дәлелдерді пайдалана отырып, жұмсақтық танытып Исламға шақыруы тиіс. Өз бауырлары туралы жақсы ойда болып, кемелдікке жету қиын екенін, әрі күнә жасаудан тек пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғана сақталған екенін есте ұстаған жөн. Сонымен бірге, осылардың қарсы шығып жүргендері, басшылар болсын, ресми тұлғалар болсын немесе тағы басқа біреулер болсын, жоқ болып кетсе, олардың орнына олардан да сорақысы келетінін ұмытпауымыз керек, себебі қандай уақыт келсе де, енді тек нашар уақыттар ғана келеді. Адамдардан кемелдікті талап ететін, немесе жұрттан ешқашан қате жібермеуін, жамандық жібермеуін талап ететін кісі – адасушы кісі. Ондай кісілер мұсылмандарға жік түсіріп, зор зиян әкелген харижилердің мирасқорлары. Мұндай кесірлі мақсатты көздейтіндер – әһлю-Сунна уәл-жәмә’аның жаулары: рафидилер, харижилер, му’тазилилер мен басқа да теріс пиғылды бидғатшылар».
Терактілер мен терроризм жиһад емес екені туралы ғалымдардың сөздері
Аллаһ Тағаланың: «Маған осы Құран сендерге және кімге жетсе, соған ескерту үшін уахи етілді» (Ән’ам сүресі, 19-аят) деген сөздерін түсіндіріп Шейх Ибн ‘Усәймин былай дейді: «Аллаһ Тағаланың «сендерге ... ескерту үшін» деген сөзі “мен сендерге оған қарама-қарсы келуден ескертемін” дегенді білдіреді. Ал «кімге жетсе, соған» дегені – кімге Құран жетпесе, демек оған дәлел жетпегенін көрсетеді, дәл сол сияқты кімге Құран бұрмаланған күйде жетсе, демек оған да дәлел жетпегені. Алайда, Ислам бұрмаланған күйде жеткен кісі – Ислам тіптен жетпеген кісі тәрізді ақтала алмайды. Ол кісі ақиқатты өзі іздеуі қажет.
Ислам діні бүгінгі күні көпшілік кәпірге таза күйінде, бұрмаланбаған күйінде жеткен бе?! Әрине, жетпеген! Кейбір бауырларымыз еш даналықсыз өз білгенімен әрекет еткен кезде, олар европалықтар мен басқаларға Ислам туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыра бастайды. Мен адамдардың арасында жарылыстар жасап, бұны Аллаһ жолындағы жиһад деп атайтындар туралы айтып отырмын. Шын мәнінде, олар Ислам мен мұсылмандарға пайдадан гөрі зиян көбірек әкеледі. Олар қандай нәтижеге қол жеткізді, сіздерге сұрақ: кәпірлер Исламға жақындай түсті ме әлде одан әрі алыстады ма?! Басқалар оны үрей туғызатын, жан түршігерлік топқа жатқызбас үшін мұсылман кісі тіпті өз бетін тасалауға дейін барады. Осы ма Ислам?! Ислам мұндай нәрселерге еш қатысы жоқ, Ислам мұндай нәрселерге еш қатысы жоқ! Тіпті жиһад міндеттелген соң сахабалар кәпірлердің ортасына барып оларды өлтіре бастаған жоқ, олар тек жиһад жүргізе алатын басшы туының астында ғана жиһадқа шықты. Ал мына террорларға келер болсақ, Аллаһпен ант етейін – бұл мұсылмандарға қысым көрсету ғана. Біз бұдан еш нәтиже, еш пайда көріп отырған жоқпыз, керісінше, бұдан тек Ислам туралы бұрмаланған, қате түсінік қана қалыптасып отыр. Егер де біз даналық жолын таңдаған болсақ, Аллаһтан қорыққан болсақ, ең алдымен өзімізді, одан кейін бізді қоршаған ортаны дұрыстаған болсақ, шариғат жолымен жүрген болсақ, шүбәсіз, нәтижесі ізгі болар еді!» Тыңдаңыз: “Шәрх усул әт-тәфсир” 1-таспа, «А» беті.
Шейх Салих әл-Фәузанға сұрақ:
«Адам өлтіру және мұсылман емес мемлекеттердегі үкімет ғимараттарында жарылыс жасау сықылды әрекеттер жасау қажет пе және бұларды жиһад деп атауға бола ма?»
Жауап:
«Адам өлтіріп, жарылыс жасауға болмайды, осы себепті мұсылмандарға ауыртпалық келіп, мұсылмандардың қаны төгіледі, қуғынға ұшырайды. Ал Аллаһ жолында жиһадқа келер болсақ, ол тек ашық шайқас арқылы және нақты шарттарымен жасалады. Бұл мәселеде пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еруіміз керек, ол Мәдинаға көшпес бұрын, Мекке қаласында кәпірлердің ортасында болған кезде мына аят уахи етілген болатын: «Сондай оларға: «Қолдарыңды (соғыстан) тыйыңдар, намазды орындап, зекет беріңдер» - делінгендерді көрмедің бе?» (Ниса сүресі, 77-аят).
Осылайша, оған кәпірлермен соғысу тыйым салынған еді, өйткені егер кәпірлердің бірі өлтірілген болса, олар мұсылмандардың біреуін де қалдырмай қырып тастар еді. Мұсылмандар өмір сүріп жатқан мемлекетте адам өлтіру, мұсылмандардың өздерін өлтіруге алып баратыны анық, қазір дәл сол болып жатқанын білесіздер. Бұл ислам дағуатына түк қатысы жоқ және бұл Аллаһ жолындағы жиһад емес. Дәл осы сөздерді жарылыстар туралы да айтуға болады, солардың кесірінен мұсылмандар терең ауыртпашылықтарға тап болады». Қараңыз: “Фәтәуә әл-әиммә фи ән-нәуәзил әл-мудалхимә” 41.
Сұрақ: «Құрметті шейх, біз – бір топ полицейлерміз, сізге сұрақ қойғымыз келген еді: Бізге осы елде (Сауд Арабиясы) қауіпсіздікке қатер төндіргісі келетіндерді немесе мұсылман басшысына қарсы шығатындарды іздеп табу тапсырылды. Алайда біз ондай кісілерді іздестіруге, ізіне түсуге, олармен соғысуға болмайды, өйткені олар – мужаһидтер, өйткені олар басқа мемлекеттерде, мысалы Иракта, соғысып жатқан кәпірлерді қуып жібергісі келеді деген фәтуәны естідік. Осы мәселеде қайсы пікір дұрыс?»
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Аллаһ сіздерге жәрдем етсін! Сіздер жиһадтасыздар! Сіздер өз жұмыстарыңыз арқылы жиһадтасыздар, себебі сіздер өз жұмыстарыңызды орындау арқылы жалғанның жақтаушыларына тосқауыл боласыздар! Бейбітшілікті қамтамасыз ету арқылы, адамдардың өмірін, арын, дүние-мүлкін қорғау арқылы сіздер жиһад жасап жатсыздар! Аллаһ сіздерге жәрдем етсін! Және сіздерге мужаһидтердің сауабы жазылады, сіздер мұсылман басшысына бағындарыңыз үшін сауап аласыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз – аса қадірлі, сондықтан оған күдіктенбеңіздер.
Ал енді осы терактілер – жиһад дейтіндерге келер болсақ, олар кім еді сонша?! Ондай фәтуәны кім береді?! Олар сенімге лайық кісілер ме әлде олар белгісіз біреулер ме?! Олар – ғалымдар емес қой! Мұндай әрекеттер жиһадқа жатады деп танымал бір ғалым болса да фәтуә берген бе?! Ешқашан! Бұл – жалған! Бұл жиһад емес! Бұл Аллаһ пен Оның елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бағынбау, мұсылмандарға қарсы дұшпандылық, мұсылман басшысына қарсы шығу! Мұның барлығы – үлкен күнәлар, Аллаһ сақтасын бізді! Сондықтан, бұл жиһад емес. Иә, бұл шайқас, бірақ ол шайтанның жолындағы шайқас, өйткені, бұда мұсылмандарға қатысты опасыздық бар!
Ал кәпірлерді қуып жіберуге келер болсақ – ол сіздердің міндеттерің емес. Кәпірлерді қуып жіберу міндетімен мұсылман басшысы айналысуға тиіс. Мұсылман басшысы – оларға қауіпсіздік кепілдігін (әмән) беретін де сол, белгілі бір пайда үшін, қажеттілік үшін өз еліне кіруге рұқсат ететін де сол. Ол өзі олардың қанша мерзім болатынын шешеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Араб түбегінен яһудейлерді қуып жіберіңдер» - деген. Алайда бұл мұсылман басшыларына қарата айтылған сөз. Дәл сол себепті ‘Умар ибн әл-Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) басқа ешкім яһудейлерді қуып жіберген емес. Кәпірлерді қарапайым адамдар қумайды. Оларды қуу, немесе елге кіргізу мәселесін тек мұсылман басшысы ғана шешеді, бұл оның құзіретіне жатады! Олар (кәпірлер) мемлекетке тек осы елдің мүддесі үшін және жарамды визалармен ғана кіре алады. Олар нақты бір жұмысты атқару үшін шақыру бойынша елімізге кіреді, елшілік қызмет болсын, фирма болсын және т.б. Олар мұсылмандардың мүддесі үшін кіреді. Оларға қауіпсіздік кепілдігі мен келісім-ifhn беріледі, ал пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім келісім-шарт жасасқан кәпірді өлтірсе, Жәннаттың хош иісін сезбейді». Бұл хадисті әл-Бухари келтіреді және хадистің жалғасында: «Ал Жәннаттың хош иісі жетпіс жылдық қашықтықтағы жерден шығып тұрады» - делінген. Бұл хадисте өте қорқынышты ескерту бар!
Ал осының бәрі жиһад деп фәтуә бергендерге келер болсақ, олар ғалым (‘алим) емес! Не ол адасушылыққа бастайтын ғалым, егер оның білімі болса, не ол жиһадтың не екенін білмейтін ақымақ надан!» Тыңдаңыз: “Тахзир мин ғулую фи-ддин”.
Сұрақ: «Ғимараттарды жару мен кәпірлерге қарсы иғтияләт[16] жасау қазіргі таңда міндетті, әсіресе ислам үмметі әлсіз әрі титықтап бітті деген сөздерді қалай түсіндіресіз?»
Шейх әл-Фаузанның жауабы:
«Бұның мағынасы не?! Біз одан да қаттырақ әлсірейік дегені ме?! Қазіргі күнгі әлсіз, титықтап біткен үммет біздің кесірімізден одан сайын әлсіресін, кәпірлер бізге үстемдік етіп, толықтай құртып жіберсін дегені ме?! Бұлайша істеу даналыққа сай емес, даналыққа сай емес! Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде он үш жыл өмір сүрді, сол кездері билік кәпірлерде еді, алайда бұған қарамастан пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалардың біреуіне кәпірлерге қарсы иғлияләт жасауға, немесе біреудің үйін қиратуға, немесе кәпірлердің бірінің дүние-мүлкін тартып алуға бұйырмаған. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай нәрсені бұйырған емес, өйткені бұл өзінен кейін орасан зор зұлымдық әкеледі, әрі мұсылмандарды ауыр салдарға душар етеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижра жасағаннан кейін оның өз мемлекеті, өз көмекшілері болғаннан кейін ғана ол соғыс жариялап, кәпірлерге қарсы жиһад жасады». Қараңыз: “Жиһад уә дауәбитуху-шшәр’ия” 48.
Шейх ‘Абдул-Мухсин әл-‘Аббәдқа сұрақ:
«Бүгінгі күні жиһадтың артықшылығын айтатын кез-келген кісіні террорист-содыр деп атайтын болды, осыған байланысты не айтасыз?»
Жауап:
«Бұл ақымақтық, ақымақтық! Аллаһ жолында жиһад адамдарды қараңғылықтан жарыққа шығару үшін жасалады. Ал үйлерді жару, такфир, мұсылмандарға зиян тигізу, олардың дүние-мүлкін құрту, жазықсыз жандарды өлтіру сияқты нәрселерді терроризм деуге келер болсақ, бұл – шайтанның жолындағы жиһад, Аллаһ жолындағы жиһад емес! Шындығында, Аллаһ жолындағы жиһад деп мұсылмандардың күш-қуаты болып, оларды Аллаһ жолында жиһад жасауға шақыратын мұсылман басшысы болып, олар кәпірлерге қарсы соғысып, оларды таухидке, иманға шақырады, ал егер олар бұған жауап бермесе, олармен соғысатын кезді айтады». Тыңдаңыз: “Шәрх Китаб әл-жиһад” 5/8/2009 ж.
Шейх Салих әс-Сухәймидің өздерін "әл-жиһад" деп атайтын топ туралы:
«Өзін «әл-жиһад» деп атайтын, бірақ жиһадқа түк қатысы жоқ топ – бұл біздің ғасырымыздың харижилері! Харижилер ‘Усман мен ‘Алиді өлтірген кезде пайда болды және пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, олар Дәжжәл шыққанға дейін болады. Олар пұтқа табынушыларды қалдырып, мұсылмандарды өлтіреді. Олар Құран оқиды, бірақ Құран олардың жұтқыншақтарынан әрі өтпейді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды – «Тозақ иттері» деп атады. Олар ислам мемлекеттерін кәпірлердің жері деп адамдардың қанын төгеді! Олар өз әрекеттерімен кәпірлерді Ислам мен мұсылмандарға басып кіруге араңдатып, кейбір мұсылман қалаларын басып алуына жол берді. Осылардың арғы жағында кімдер тұрғанын: сионистер ме, массондар ма, әлде басқа біреулер ме, олар осыларға тікелей басшылық ете ме, жоқ па, Аллаһ біледі. Олардың бұзақылығы таралмауы үшін әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай олардың адасушылықтарын әшкерелеп, көрсетуге міндетті. Және олардың қай-қайсысын да жасырып қорғауға болмайды, өйткені бұл – күнә мен дұшпандыққа жәрдемдесу болып табылады, бұл жөнінде Аллаһ Тағала: «Бір-біріңе жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесіңдер. Күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер», - деген (әл-Мәидә сүресі, 2-аят). Ал оларды жасырып пана берген, немесе қорғаған, немесе ондайлардың әрекетін істегендерге келер болсақ, ол кісі жазықсыз мұсылмандарды және бейбіт келісімдегі кәпірлердің қанын төгу ісіндегі қолдаушысы, серіктесі болғаны. Міне, ондай кісі Аллаһтың лағынетіне ұшырайды, бұл жөнінде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ бидғат істеушіні де, бидғатшыға пана болғанды да лағынет етті» әл-Бухари 4/73, Муслим 1371. Қараңыз: “әл-Ирхаб әсбәбуху уә ‘иләжух” 7.
Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Бәррак айтқан:
«Кәпірлердің елінде өмір сүріп, сол жерде ұрлық жасау, кәпірлердің құқығын таптау, әрі оларды ұрып-соғу, еш қақысыз тіл тигізу сияқты кәпірлерге қатысты істеп жатқан кейбір надан мұсылмандардың қылмысы – Ислам шариғатында тыйым салынған! Мұндай адамдардың істеп жатқаны Исламға түк қатысы жоқ! Бұдан да өткен сорақысы – бұл кейбір адасқандардың түрлі ғимараттарға теракты жасап жарып жіберуі. Расында, бұл Аллаһ Тағала Өзінің құлдарының арасында әділеттілік пен Оның сөзін жер бетінде ұлықтап тарату үшін заңдастырған жиһадқа еш қатысы жоқ! Сонымен бірге, мұның барлығы тыйым салынған бұзақылық!» Қараңыз: “И’тида ‘алә ғайрил-муслимин” 3.
Шейх Ибн Жибрин әр-Рияд қаласында 13/3/1424 жылғы жарылыстардан кейін былай деді:
«Осы күндері жасалып жатқан жарылыстарға келер болсақ, оның салдарынан көптеген адамдар қаза тапты, одан да көп адам жарақат алды, еш күдіксіз бұл жан түршігершілік қылмыстың қатарына жатады! Бұл жарылыстар талай адамның өмірін қиды, келісім-шарттағы кәпір де, осы үйлерде өмір сүретін кейбір мұсылмандар да. Бұл бізден қауіпсіздік кепілдігін алған кісілерге зиян, опасыздық қылу екені еш күдік тудырмаса керек!
Осы жарылыстардың артында тұрғандар қылмыскерлер ретінде қаралады! Ал олардың ішінде осы әрекеттерді жиһад деп нық сенетіндер, әрі күпірлігі себепті осы үйлерде тұратын кәпірлердің қаны рұқсат етілген дейтіндерге келсек, оларға: «Расында, сенің айтқаның қате!» деу керек. Олармен (кәпірлерді) соғысуға болмайды, оларды өлтіруге де болмайды, тек бейбітшілік келісім-шартын үзіп және оларға соғыс туралы хабарды жеткізгеннен кейін ғана болмаса, бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Егер бір елдің опасыздығынан секем алсаң, бәрі тең болуы үшін сен де (келісімді үзіп) өздеріне таста. Расында, Аллаһ опасыздарды жақсы көрмейді» (Әнфәл сүресі, 58-аят).
Бұл кәпірлерді өлтірудің түк пайдасы жоқ, керісінше, шариғат тұрғысынан бұда тек зиян ғана, өйткені осыдан кейін мұсылмандар сатқын, опасыз, олардың арасында террорист-содырлар бар екен деген жалған айыптаулар шығады.
Кәпірлердің қанын төгуге болады, себебі олар мұсылмандармен соғысып жатыр дейтіндерге біз былай дейміз: Бұл дұрыс емес, өйткені мұсылмандармен соғысып жатқандар тіптен басқалар, бұл кәпірлер мұсылмандармен соғыспаса, оларды өлтірмесе, ондай кәпірлермен келісім-шартты үзбеу керек! Аллаһ Тағала былай дейді: «Біреудің күнәсын біреу көтермейді» (Ән’ам сүресі, 164-аят)». Қараңыз: “Фәтәуә Ибн Жибрин” № 10880.
Әл-Ләжнәту-ддәимәнің (Тұрақты Комитет) фәтуәсі
Таиф қаласында 02/04/1419 х. ж. (26.07.1998 ж.) өткен 49-сессияда ғалымдардың жоғарғы кеңесі күпірлікте айыптаудың орынсыз екенін түсіндіре келе, соның ішінде былай деді:
«Жазықсыз жандарды өлтіру, тұрғын үйлерді, көліктерді, мемлекеттің немесе жекенің ғимаратын жару сияқты кейбір елдерде орын алып отырған оқиғалар туралы айтар болсақ, мұның барлығы қылмыс екені, әрі Ислам бұған еш қатысы жоқ екені сөзсіз. Дәл сол сияқты Аллаһқа және Қиямет Күніне иман келтірген әрбір мұсылманның бұған еш қатысы жоқ. Мұндай әрекеттерді бұзақы көзқарастар мен сенімдерге ерген кісілер ғана істейді, олар өз күнәларының, қылмыстарының ауыртпашылығын көтеретін болады. Мұндай кісілердің әрекетін Исламмен де, Исламның әмірлерін орындап, Құран мен Сүннеттің бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын мұсылмандармен де байланыстырудың қажеті жоқ, себебі ондайлардың әрекеті анық қылмыс пен бұзақылыққа жатады. Бұны шариғат та, адамның табиғаты да теріске шығарады. Мұндай әрекетті Құран мен Сүннет тыйым салады, әрі ондайға баратын кісілермен араласуға да тыйым салады. Мәселен, Аллаһ Тағала былай дейді: «Адамдардың ішінде кейбіреулерінің сөзі сені дүние тіршілігіндегі таңырқатады. Ол Аллаһты жүрегіндегісіне куә қылады. Бірақ өзі өте сотқар қаскүнем. Қашан беті бұрылса, жер жүзінде бұзақылық қылып, егінді, малды жоқ етуге тырысады. Аллаһ бұзақылықты жақсы көрмейді. Ал қашан оған: «Аллаһтан қорық!» - делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәһар етеді. Оған Тозақ жеткілікті! Нендей жаман орын!» (Бақара сүресі, 204-206-аяттар)».
Сондай-ақ, ғалымдардың жоғарғы кеңесі, оның ішінде: шейх ‘Абдул-‘Азиз Али Шейх, шейх Салих әл-Люхайдан, шейх ‘Абдуллаһ ибн Суләйман әл-Мәни’, шейх ‘Абдуллаһ әл-Ғудаян, шейх Салих әл-Фаузан, шейх Хасан әл-‘Атми, шейх Мухаммад ибн ‘Абдуллаһ әс-Сабил, шейх ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Ибраһим Али Шейх, шейх Мухаммад ибн Суләйман әл-Бәдр, шейх ‘Абдуллаһ әт-Турки, шейх Мухаммад ибн Зайд Али Суләйман, шейх Бәкр Әбу Зайд, шейх ‘Абдуль-Уәһһәб ибн Ибраһим, шейх Салих ибн ‘Абдуллаһ ибн Хумәйд, шейх Ахмад ибн ‘Али әл-Мубараки, шейх ‘Абдуллаһ ибн ‘Али әр-Рукбан және шейх ‘Абдуллаһ ибн Мухаммад әл-Мутләқ сияқты ғалымдар бар, Рияд қаласында 11/6/1424 х.ж. (2003 ж.) орын алған жарылыстан кейін жариялаған мәлімдемесінің ішінде былай деген:
«Түрлі терактілер мен (жазықсыз жандардың) қанын төгу – жиһад десе, ол надан (жаһил), адасқан. Мұның барлығы Аллаһ жолындағы жиһадқа түк қатысы жоқ!»
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия «жиһад» сөзіне анықтама бере келе былай деді: “Жиһадтың мақсаты – Аллаһ жақсы көретін, мысалы, иман, ізгі амалдар сияқты нәрселерге қол жеткізуге тырысу және Аллаһ жек көретін, мысалы, күпірлік, бұзақылық және бойұсынбаушылық сияқты нәрселерді жою”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 10/192.
Шейх әл-Әлбәнидің шын ықыласпен жиһад жасағысы келетін кісілерге айтқан насихаты:
«Егер кісі шын ықыласымен Аллаһ үшін жиһад жасауды ниет етсе, күдіксіз, соған сай сауап алады. Алайда, біз айтып тұрған жиһад Аллаһ жүргіз деп бұйырған жиһад емес. Менің ниеттің өз-өздігінше керемет екенін айтып тұрмын, өйткені кісі жиһад жасауды қалап тұр ғой, алайда жиһад жүргізу үшін міндетті түрде дайындық керек, ол туралы Аллаһ Тағала көпке белгілі аятта былай дейді: «Сендер де шамаларың келгенше әртүрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік қылыңдар. Аллаһтың дұшпанын, өз дұшпаңдарыңды қорқыту үшін» (Әнфәл сүресі, 60-аят).
Жиһад жарияланған кезде және оны жүргізу үшін дайындық болған жағдайда ғана жиһад болады. Осы шарттар орындалғаннан соң жиһадтан қашқалақтауға болмайды.
Ал жеке тұлғалардың, тіпті өз жерлерін қорғау мақсатында болса да, ұйымдастыруымен болып жатқан көтерілістер туралы айтар болсақ, бұл – жиһад емес. Әрине, дұшпан шабуыл жасаған кезде мұсылман жерлерін қорғау міндетті болады, бірақ пайдасынан гөрі зиян көп шабуылдар – бүкіл мұсылмандар шығуға тиіс болған жиһадқа жатпайды. Мұндай жиһад туралы Құдіретті Аллаһ Тағала былай дейді: «Егер олар соғысқа шығуды қаласа, әрине ол үшін бір әзірлік қылар еді» (Тәубә сүресі, 46-аят).
Сондықтан, мұсылмандар ақылға келіп, шариғатты дұрыс түсінуі тиіс және шын ықыласпен Аллаһ Тағала заңы мен Оның дініне сәйкес келетін ізгі амалдар істеулері керек екенін алдында бірнеше рет атап өткенбіз, олар тек осылай ғана біріге алады. Міне, сонда мүміндер Аллаһ Тағаланың жәрдемімен қуандырылады». Тыңдаңыз: “әт-Тахарри фил-Фәтуә” 2-таспа.
Қорытынды
Дінді түсіну мәселесінде әрбір мұсылман адам ғалымдарға еру керек, әсіресе осындай мұсылман үмметіне қатысты маңызды мәселелерде. Әртүрлі мемлекетте, әртүрлі қалада өмір сүріп жатқан бүкіл ғалымдар бір сөзді қайталаса да, бұл қателік, олар адасып жатыр деу мүмкін емес қой.
Тіпті егер осы мәселеде барлық ғалымдар қателесті деп елестетсек те, соларға ерген кісілер түк күнә алмайды десек те болады. Осы мәселелерде кейбір топтар мен ағымдарға ерген кісілерге қарағанда, ғалымдарға ілескен кісі әлдеқайда жақсы, өйткені әлгі адасқан топтардың ішінде бірде-бір ғалым жоқ екені былай тұрсын, тіпті бірде-бір білім талап ететін нағыз студент те жоқ десек қателеспейміз.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер кімде-кім білімсіз фәтуә берсе, оған сай жасалған амалдың күнәсі сол фәтуәны берген кісіге жазылады». Әбу Дәуд 3657, Ибн Мәжәһ 53. Шейх әл-Әлбәни хадисті жақсы деген.
Осылайша, егер білімі таяз мұсылман кісі ғалымдардың пікіріне сүйенсе, ол ешқандай күнә алмайды, тіпті әлгі ғалым қателессе де. Бірақ барлығына жауапты болатын фәтуә беруші кісі шынымен фәтуә беруге лайықты болуы керек екенін ескерген жөн. Көптеген мұсылмандар жауапкершілік оларға фәтуә беретін кісілерге тиісіл деп, біршама тыйым салынған істерді жасап қойып жүреді. Олар егер кісі негізінен фәтуә беруге лайықсыз адамнан фәтуә алса, тек сол фәтуә беруші ғана жауапты болады деп есептейді. Осылайша олар фәтуә беруге лайықсыз адамнан фәтуә алып, соған сүйенсе, өзім жауап бермеймін деп қатты қателікке ұрынады. Әбу әд-Дәрдәдан жеткен хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет Күні бүкіл адамдар бір жолмен жүріп бара жатқан кезде, кісінің жанынан өзін өлтірген кісі өтеді, сонда ол: “Уа, Раббым! Ол мені (фәни дүниеде) өлтірді” – дейді. Аллаһ одан: “Cен оны не үшін өлтірдің?” – деп сұрайды. Өлтірген кісі: “Маған пәленше солай деп бұйырған еді” – дейді. Сонда Аллаһ Тағала өлтірген кісіні де, өлтіруге бұйырған кісіні де азаптайды!» Ибн Әбу Шәйбә 5/434, әт-Табарани 10407. Хадис хасан. Қараңыз: “Мәжмә’у-ззауәид” 7/300.
Міне, осы хадистен түсінетініміз – орындаушы бұйрықты жәй орындағаны үшін де азапталады.
Аллаһ Тағала былай дейді: «Осылайша олар (кәпірлер) Қиямет Күні өз күнәларының және өздері адастырған надандардың күнәларын түгелдей көтереді. Байқаңдар! Үстіне алған нәрселері нендей жаман!» (Нахл сүресі, 25-аят).
Мужәһид осы аяттың тәпсірінде былай дейді: ”Олар өз күнәларының ауыртпашылығын және оларға бағындардың күнәларын көтереді. Олар өздерінің ізінен ергендердің де күнәсін көтереді дегеніміз – оған бағынғандардың жазасы жеңілдетіледі дегенді білдірмейді”. Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 2/587.
Қалайша осыдан кейін саналы мұсылман кісі танымал ғалымдардың пікірін қалдырып, осыншама маңызды мәселелерде қайда білім алғаны белгісіз, қалай білім алғаны белгісіз, қандай түсініктегі кісі екені белгісіз біреудің ізінен ермек?! «Сондай жақсы нәрсені, нашар нәрсеге ауыстырмақшысыңдар ма?» (Бақара сүресі, 61-аят).
Имам әл-Ләләкәи кейбір табиғиндердің былай деп баяндағандарын жеткізеді: “Біз Мәдинәға келген кезімізде ансарларды кездестіретін едік, бірақ біз Ибн ‘Умарды немесе Әбу Са’идті кезтестірмейінше, олардан ешнәрсе сұрамайтын едік”. Әт-Табарани 12/430, Ибн Мәндах 11.
Қалайша осы ғалымдардың барлығы адасып жатыр, ал белгісіз бір жазушылар ақиқатта деуге кімнің дәті барады?! Ал осы үлкен ғалымдардың сөздері өздеріне жақпағаны үшін оларға тіл тигізіп, қаралайтын болса, сөзсіз, ондай кісі пасық күнәһар, әрі адам терісіндегі шайтан! Имам әс-Саффәрини былай деген: “Шынында, ғалымдардың еңбегі баршаға мәлім және олардың артықшылығы өте зор. Кімде-кім олардың артықшылығын кемсітсе, ол ең төмен, әрі адамдардың ішінде ең оңбағаны, ал кімде-кім оларды жек көрсе, ол Ібілістің тобынан”. Қараңыз: “Ләухул-әнуәр” 2/355.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: “Хадис ғұламалары мен олардың мазһабына тіл тигізетін адам – надан, бидғатшы және екіжүзді екендігіне еш күмән жоқ!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 4/96.
Шейх Ахмад ән-Нәжми былай деген: “Кімде-кім Аллаһ пен Оның елшісі айтқан сөзеріне сай амал ететін, адамдарды тек Аллаһ пен Оның елшісі айтқан нәрсеге үйрететін, Аллаһ пен Оның елшісі айтқан сөздеріне сай фәтуә беретін, күндіз-түні шариғатты таратумен айналысып жүрген сәләфия ғалымдарын жек көрсе – ол бидғатшы, адасқан мұнафиқ (екіжүзді)!” Қараңыз: “әл-Фәтәуә әл-жәлия” 39.
Шейх Салих әл-Фәузаннан: «Қазіргі таңда үлкен ғалымдарды қаралап, тіл тигізу, әрі оларды күпірлік пен пасықтықта айыптаулар жиілеп кетті. Әсіресе бұл айыптаулар террористтік актілердің рұқсат етілмейтіндігі туралы фәтуә шыққаннан кейін көбейіп кетті. Сонымен қатар, біздің ғалымдарымыз Исламдағы «досу болу және қатыссыз болу» (әл-уәлә уә әл-бара) қағидасын орындауда кемшіліктерге орын беруде деп айтылуда. Осы мәселеге байланысты кеңес беруіңізді сұраймыз», - деп сұрады.
Шейх былай деп жауап берді: “Надан адамға (жәһил) үндемеу қажет және ол Аллаһтан қорқып, әрі білімсіз сөйлемеуге міндетті. Аллаһ Тағала былай дейді: «“Күдіксіз, Раббым, арсыздықтарды, олардың ашығы мен жасырынын да, (барлық) күнәларды, орынсыз озбырлықты, сендер Аллаһ оған байланысты ешбір дәлел түсірмеген нәрсеге Онымен қатар құлшылық етулеріңді және Аллаһ туралы білмейтін нәрселерді сөйлеулеріңді тыйым салды”, - де!» (А’раф сүресі, 33-аят). Жәһилге білімнің болуын талап ететін мәселерге байланысты сөйлеуге рұқсат етілмейді, әсіресе такфир, жиһад, әл-уәлә уә әл-бәра сияқты үлкен мәселелерде. Ал басшылар мен ғалымдарды ғайбаттап, олардың ар-намысына тиісу туралы айтар болсақ, бұл – өсектің және ғайбаттың ең жаман түрі, әрі бұл тыйым салынған! Қазіргі кезде мұсылмандардың басына түскен проблемалар – билік иелері шешетін мәселелердің қатарына жатады. Олар бұл мәселелерді өзара кеңесіп, бірігіп зерттейді, ал ғалымдардың міндеті – осы мәселелердің шариғи үкімін түсіндіріп беру. Халық пен қарапайым адамдарға, әрі енді бастап келе жатқан жас студенттерге келер болсақ, бұл – олардың міндеті емес. Аллаһ Тағала былай дейді: «Қашан оларға аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Аллаһтың кеңшілігі, мейірімі болмаса еді, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді» (ән-Ниса сүресі, 83-аят). Мұндай мәселелерде тілді тыю керек, әсіресе такфир (күпірлікте айыптау) және әл-уәлә уә әл-бәра (досу болу және қатыссыз болу) мәселелерінде. Адамдардың көбісі бұл мәселелерді жетік білмейді және басқа адамның сыртынан қате тон пішіп, оны адасуда немесе күпірлікте деп қате шешім шығарады, алайда оның шығарған шешімі өзіне қайта оралады. Егер адам өз бауырына: «Әй, кәпір!» немесе «Әй, пасық!» - десе, ал ол іс жүзінде олай болмаса, бұл оның өзіне қайта оралады, Аллаһ бізді бұдан сақтасын! Бұл – өте қауіпті іс, әрі Аллаһтан қорқатын адам, егер ол – осындай мәсеселелерді шешу міндеті жүктелгендердің, яғни бұл мәселелерді зерттеп, жағдайдан шығудың жолын іздеуге тиіс болған басшылар мен ғалымдардың қатарынан болмаса, өз тілін тыюы қажет. Алайда, қарапайым адамдар, немесе білім талап етудің бастауыш деңгейінде тұрғандар адамдардың сыртынан тон пішіп, оларға байланысты қандай да бір үкімдер шығаруға, әрі адамдардың намысына орынсыз тиісуге, ғайбат айтуға, күпірлікте және бұзақылықта айыптауға т.б. қақысы жоқ, өйткені бұл оның өзіне зиян тигізеді. Мұсылман адам өзінің тілін тыю керек және өзіне қатысты емес нәрселер туралы сөйлемеу керек. Ол Аллаһтан мұсылмандар үшін көмек және кәпірлер үшін жаза тілеуі қажет. Міне, осы – сенің қақың және міндетің болып табылады. Ал шариғат ережелерін, мұның үстіне қате ережелерін қолдануға, әрі мұсылман басшылар мен ғалымдарының абыройына нұқсан келтіру және олар күпірлік немесе адасушылыққа түсті деп үкімдер шығаруға келер болсақ, бұл – сенің өзіңе қарсы оралып тиетін ұлы қауіп, әй, мұндайды айтушы! Сен айтып жатқандарға келер болсақ, сенің сөздерің оларға еш зиян тигізбейді!” Қараңыз: “Фәтәуә әш-шәр’ия” 73-74.
Шейх Салих әл-Фәузан былай деген: “Ислам үмметіндегі сауаты бар адамдар мен ынталы уағыздаушылар ғалымдардың орнын алмастыра алмайды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Ақырзаманға жақын қарилар көбейіп, ғалымдар азаяды», – деп хабарлаған (әт-Табәрани 3277, әл-Хәким 4/457. Хадистің иснады жақсы). Сол сауатты адамдар мен уағыздаушылар – қарилар болып табылады, ғалымдар емес, әрі оларға қатысты «ғалым» сөзін қолдану орынсыз. Кез-келген нәрсе атына қарай емес, заттына қарай анықталады. Шынында, фәқиһ емес, бірақ көркем сөздер айту арқылы надан адамдардың қалың тобын өзіне тартатындар көп. Алайда, шариғат білімін қажет ететін, мұсылмандардың бастарына төнген (нәуәзил) күрделі мәселелерге жолыққан кезде, мұндай уағыздаушылар мен жалған жігерге толы адамдардың білімі бұл қиыншылықтарды шешіп беруге қауқары жетпейді. Міне сонда, олардың шынайы бет пердесі ашылып қалады. Сол кезде, нағыз ғалымдардың уақыты басталады. Сондықтан, осыған көңіл бөліп, ғалымдарымызбен лайықты түрде қарым-қатынас жасайық, олардың дәрежесі мен қадір-қасиетін ұмытпайық!” Қараңыз: “Мухадарат фил-‘ақида уә әд-дә’уә” 2/186.
«Міне, соңғы тұрақ (Жәннат) жер бетінде өзін-өзі көтермелемейтін және бұзақылық қылмағандарға нәсіп етеміз. Негізінде соңғы табыс тақуалар үшін»
(Қасас сүресі, 83-аят).
[1] Имам әл-Хатыб әл-Бәғдади айтқандай, «әділеттілер» дегеніміз – дінді бүкіл бұрмалаудан қорғап, тазалайтын хадис пен Сүннет біліміне ие адамдар. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 1/26.
[2] Бұл жерде мына аят туралы айтылуда: «Аллаһ және Елшісіне қарсы соғысқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы: өлтірілулері, не асылулары, яки, қол-аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе жерден айдалулары. Бұл – олардың дүниедегі жапасы. Және олар үшін Ахыретте ұлы азап бар» (Мәида сүресі, 33-аят).
[3] Кейбір кісілер соғыс кезінде тұтқын ұстау Исламда рұқсат етілген деген желеумен кепілдікке тұтқын ұстау немесе тіпті балаларды кепілдікке алуға болады деп бейхабар мұсылмандарды адасушылыққа түсіріп, адамдарды Исламнан алыстатады. Шын мәнінде, бұл Аллаһтың дінін бұрмалау болып табылады, әрі Ислам мұндай нәрселерге қатысы жоқ. Кепілдікке тұтқын ұстау мен жиһад кезінде немесе мұсылмандар дұшпан жерін басып алғаннан кейін жауды тұтқынға түсірудің бір-біріне еш байланысы жоқ. Бұл екеуі мүлде басқа нәрсе, себебі соғыста жеңіліске ұшыраған елдің тұрғындары тұтқынға түскен кезде толықтай мұсылмандардың қолына көшеді де, оларға қауіпсіздік кепілдігі (әмән) беріледі, ал лаңкестердің кепілдікке ұстап тұрған тұтқындарына ешқандай қауіпсіздік кепілдігі берілмейді, шынтуайтына келгенде, әлгі бұзғыншылар кепілдікке алған тұтқындарын тек тірі қалқан ретінде пайдаланады.
Имам Ахмад былай деген: “Егер кісі құлды өлтіру үшін сатып алса, оны өлтірмеуі тиіс, себебі ол құлды сатып алған кезде оған қауіпсіздік кепілдігін берген болып есептеледі”. Қараңыз: «әл-Инсаф» 10/352.
Егер құлды өлтіру үшін сатып алудың үкімі осындай болса, онда бостандықта жүрген әйелдер мен балалар туралы не айтуға болады?!
[4] Пайда мен зиян мәселесі діннің негіздерінің бірі болып табылады, алайда, өкінішке орай, қазіргі таңда, көптеген мұсылмандар бұл мәселеге түк назар аудармайды, әрі нәтижесінде Исламға да, мұсылмандарға да үлкен зиян тигізетін істерді жасайды. Осы маңызды қағидаға пайғамбарымыздың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көп көңіл бөлген. Бір күні пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Айшаға: «Әй, ‘Айша, егер сенің халқың соншалықты надандыққа (жәһилия) жақын болмағанда, мен міндетті түрде Қағбаны бұзуды бұйырып, ал кейін одан ажыратылған нәрсені қосар едім және оның есігін жердің деңгейіне дейін түсірер едім, әрі онда екі – батыс пен шығыс есіктерін жасап, оны Ибраһим қалаған іргетастың негізінде қайта көтерер едім», - деді. Әл-Бухари 1586, Муслим 1333. Бұл сөздерді пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккені бағындырғаннан кейін, мұсылмандарда күш те, билік те болған кезде айтты, бірақ бұған қарамастан, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайда мен зиянды ескеріп, пайдадан гөрі зиян келтіруі мүмкін болғандықтан, ондай әрекетті істеуден бас тартты. Сондай-ақ, сахабалар пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Неге біз екіжүзділерді өлтірмейміз?!” - деп сұрағанда, ол: «Сендер сонда адамдар: “Мұхаммед өз сахабаларын өлтіріп жатыр”, - деп айтуларын қалайсыңдар ма?!» - деп жауап берді. Муслим 2584.
Екіжүзділер Аллаһтың дініне кәпірлерден де көбірек зиян тигізетін, алайда, бұған қарамастан, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды өлтірудің салдарынан келуі мүмкін болған зиянды ескеріп, оларды өлтіруге тыйым салды!
Пайда мен зиян мәселесі – үлкен ғалымдардың ісі, әрбір қарапайым адамның емес. Хасан әл-Бәсри айтқан: “Бүлік (фитна) басталайын деп жатқанда, ол туралы тек ғалымдар біледі, ал фитна біткен кезде, ол туралы әрбір надан (жәһил) біледі”. Ибн Са’д “әт-Табәқат” 7/166.
Имам Ибн әл-Мубәрак былай деген: “Шынайы ғалым дегеніміз - халәл мен харам мәселелерін жақсы білетін кісі емес, өйткені бұл мәселелерді жұрттың көбісі біледі. Шынайы ғалым дегеніміз – бұл пайда мен зиян мәселесін өте жақсы түсінетін адам!” Қараңыз “Әлуияту-ннәср” 1/103.
Шариғатта мынадай маңызды ереже бар: «Жақсылық жасаудан гөрі зұлымдықтан құтылуға артықшылық беріледі». Қараңыз: имам әс-Субкидің “әл-Әшбәх уә-ннәзаиры” 1/105 мен хафиз Ибн Ражәбтің “Қауә’иды” 106.
Ал енді осы қағида ескерілмеген кезі туралы не айтуға болады?!
[5] Имам әл-Уәхиди өзінің тәфсирінде: “Аяттағы «Аллаһ және Оның елшісімен соғысқандар» деген сөз «оларға бойұсынбау және оларға бағынбау» дегенді білдіреді. Ал «жер жүзінде бұзақылық жасайтындар» деген сөз «адам өлтіру және басқа адамдардың дүние-мүлкін күштеп тартып алу» дегенді білдіреді” – деген. Қараңыз: “Тәфсир әл-Уәхиди” 1/317. Са’д ибн Әбу Уәққас бұл аят харижилерге қатысты уахи етілді деген, ал Ибн ‘Аббас бұл аятты мүшріктерге (көпқұдайшыл) қатысты түсті деген. Аталмыш аят кімге қатысты түссе де, бұл жер жүзінде бұзақылық жасайтындардың әрбіріне қатысты екенін хафиз Ибн Кәсир айтқан. Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 2/167.
[6] Бұл топ Лондонда орналасқан және Ұлыбритания мен басқа да елдердегі жарылыстарға жауапты.
[7] Көптеген мұсылмандар басқа мұсылманға көмектесу, ол не істегеніне қарамастан, міндетті деп ойлайды. Шүбәсіз, бұл адасушылық, себебі мұсылманға да, кәпірге де тыйым салынған нәрседе көмектесуге болмайды. Аллаһ Тағала былай дейді: «Игілік пен тақуалықта бір-біріңе көмектесіңдер және күнә мен дұшпандықта бір-біріңе көмектеспеңдер» (Мәида сүресі, 2-аят).
Әнәстан жеткен хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қысым көрген бауырыңа да, қысым көрсетіп жатқан бауырыңа да көмектес». Одан: “Әй, Аллаһтың елшісі! Қысым көргенге көмектесу түсінікті, бірақ қысым көрсетіп жатқанға қалай көмектесеміз?!” – деп сұрады. Сонда Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп жауап қатты: «Қысым көрсетуді тыйып тастау, міне осы оған көмек болады!» әл-Бухари 6952.
[8] Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бүкіл мұсылмандардың қаны тең дәрежеде құнды, ал мұсылмандардың ішіндегі ең ықпалсызы өзге біреуге қауіпсіздік кепілдігін беретін болса, оны басқаларының барлығы сақтауы тиіс». Әбу Дәуд 2751, Ибн Мәжәһ 2685, Ибн әл-Мунзир 11/151. Хадистің сенімділігін шейх әл-Әлбәни растады.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтқан: “Кез-келген кәпірге қауіпсіздік кепілдігін беруге болады, әрі бұл кепілдікті әрбір мұсылман бере алады!” Қараңыз: “Саримул-мәслюл” 95.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім мұсылмандармен келісім-шартта болған кәпірді (му’ахад) өлтірсе, онда ол Жәннәттің иісін де сезбейді, ал Жәннәттің хош иісі қырық жылдық қашықтықтағы жерден шығып тұрады». әл-Бухари 2995.
Хафиз Ибн Хәжәр айтқан: “Хадисте мұсылмандармен келісім-шарты бар кәпір туралы сөз болуда, мейлі ол – жизья төлеу болсын, елбасшымен бітім болсын немесе қарапайым мұсылман адам тарапынан берілген қауіпсіздік кепілдігі (әмән) болсын”. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 12/259.
‘Умар ибн әл-Хаттаб айтқан: “Егер мұсылман адам кәпірге: “Маттарс” десе, оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Егер мұсылман адам кәпірге: “Қорықпа” десе, оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Егер мұсылман адам кәпірге: “Лә тадхал” десе, оған қауіпсіздік кепілдігін берген болады. Расында, Аллаһ Тағала бүкіл тілдерді біледі!” ‘Абдур-Раззақ 5/219, Са’ид ибн Мәнсур 2599. «Маттарс» және «Лә тадхал» деген сөздер фарисилік және эфиоп тілдерінде «қорықпа» деген мағынаны білдіреді.
Имам Ибн Қудама былай деген: “Егер кәпір адамға белгі берілсе, әрі ол бұны өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі деп түсінген болса, оған шынымен қауіпсіздік кепілдігі берілген болып саналады. Сондай-ақ, кәпір бір белгіні өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі деп ойлап өз қамалынан шығатын болса, оны өлтіруге болмайды!” Қараңыз: “Шарх әл-Кәбир”10/559. Имам Ибн Мунәсыф айтқан: “Сөзбен болсын, жазумен болсын, тіпті ымдап ишарат ету болсын – кез-келген тілде дұшпан өзіне берілген қауіпсіздік кепілдігі (әмән) деп түсінген нәрсенің барлығы – оған шынымен бұл кепілдікті береді, тіпті егер мұсылман басқа нәрсені меңзеп тұрса да!” Қараңыз: “әл-Инжәд” 2/45.
Имам әш-Шәфи’и былай деп айтқан: “Егер жауласушы кәпір (харбий) ислам жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кіріп, со жақта қайтыс болса, оның дүние-мүлкіне тиісуге болмайды. Ал мұсылмандардың басшысы оның дүние-мүлкін әлгінің мұрагеріне жіберуге міндетті, ол қай жерде болса да”. Қараңыз: “әл-Умм” 4/296.
Имам әс-Сархаси айтқан: “Мұсылмандардың жеріне қауіпсіздік кепілдігін алып кірген кәпірдің (мустамин) жағдайы дәл мұсылмандардың жерінде өмір сүріп жизья төлеп жатқан кәпірдің (зиммий) жағдайы сияқты. Осы себепті, мұсылмандардың басшыларының тарапынан көрсетілетін көмек тұрғысынан алғанда, екеуінің де дәрежесі бірдей. Мысалы, оларға қысым көрсетуден қорғау, өйткені олар оның билігінің қол астында ғой!” Қараңыз: “әс-Сияр әл-кәбир” 5/1891.
Имам Мухаммад әш-Шәйбәни айтқан: “Егер бір топ мұсылман жауласушы кәпірлерге келіп: «Біз халифтің елшілеріміз» деп, қалтасынан халифтен келген хат құсатып бір қағаз шығарса, немесе қалтасынан еш нәрсе шығармай қойса, ол мүшріктерге (көпқұдайшыл) сатқындық жасаған болады! Егер әлгі мүшріктер мұсылмандарға: «Кіріңдер» деп, мұсылмандар жаудың жеріне кірсе, сол жерден шығып кетпейінше, ешкімді өлтіруге де болмайды, ешкімнің дүние-мүлкін де алуға болмайды!” Қараңыз: “әс-Сияр” 2/66.
[9] Құрметті шейх әл-Фаузанның сөздерін кішкене толықтырып, мынаны еске салғым келіп отыр: пайғамбарымызда (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) билік пен күш пайда болғаннан кейін ғана Кә’б ибн әл-Әшрафты өлтіруге бұйырды, сахабалар Кә’бты ашықтан-ашық өлтіргені белгілі, әрі одан кейін қудалау, іздеу салу, кек алу сияқты нәрселерден қауіптеніп ешкімнен тығылған жоқ, себебі олар өз-өздерін қорғай алатындай жағдайға жеткен болатын.
[10] Жиһадтың мақсаты – бұл кәпірлерге зиян тигізу немесе оларды өлтіру емес, өйткені Аллаһ Тағала жиһадты Аллаһтың сөзін ұлықтап, ширкті (Аллаһқа серік қосу) жаншу үшін міндеттеді. Аллаһ Тағала былай деді: «Бүлік жойылмайынша, әрі дін толықтай Аллаһқа арналмайынша, олармен (көпқұдайшылдармен) соғысыңдар. Егер олар тыйылса, дұшпандық қылу жоқ, тек залымдарға ғана (дұшпандық қылады)» (Бақара сүресі, 193-аят).
Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди айтқан: “Жиһад кәпірлердің қанын төгіп, олардың дүние-мүлкін меншіктену үшін жүргізілмейді. Жиһад Аллаһтың діні басқа діндерден үстем болуы үшін және жер бетінде ширк пен хақ дінге қайшы сенімдердің барлығы жойылуы үшін жүргізіледі. Міне дәл осы – бүлік (фитна), әрі егер осы фитна жойылса, мұсылмандар қан төгу мен шайқасуды тоқтатуы тиіс”. Қараңыз: “Тайсирул-Кәрими-Ррахмән” 78.
[11] АҚШ-та орналасқан «егіздер» әлемдік сауда орталығын күл-талқаны шыққан кезде көптеген мұсылмандардың қуанышында шек болмағаны ешкімге жасырын емес. Бұл дегеніміз осы оқиғаға қуанғандардың сенімі дұрыс емес екені, әрі олар бұрмаланған көзқарасты ұстанатынын білдіреді. Нағыз мұсылман кісі біреудің зина жасағанына, немесе арақ-шарап ішкеніне қуанар ма еді?! Әрине, қуанбайды! Ендеше, зинадан да, арақ-шарап ішуден де ауыр күнә болып есептелетін жазықсыз кісі қанын төгуге кімдер қуанады?! Имам ән-Нәуәуи: “Біздің жақтастарымыз: «Ширктен кейінгі ең үлкен күнә - кісі қанын төгу!» дейтін”, - деген. Қараңыз: “Шарх сахих Муслим” 2/262.
Аллаһ Тағала былай дейді: «Аллаһ арам еткен кісіні өлтірмеңдер, жазықты болса ғана болады. Сендерге осыларды Аллаһ әмір етті. Әрине түсінерсіңдер» (әл-Ән’ам сүресі, 151-аят).
Өз негізінде кісі қанын төгу, мұсылман болсын, кәпір болсын тыйым салынған, тек шариғат рұқсат еткен жағдайдан басқа! Мұса пайғамбарға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) пайғамбарлық келмей тұрған шақта ол бір мысырлықты абайсызда өлтіріп алғаны туралы оқиғаны еске алыңыз. Аллаһ Тағала былай дейді: «(Мұса) Елдің қаперсіз уақытында қалаға кірді де, онда төбелесіп жатқан екі адам көрді. Бірі өз тобынан, біреуі дұшпан жақтан еді. Сонда өз тобынан болғаны дұшпанына қарсы Мұсадан көмек сұрады. Сонда Мұса оны жұдырықпен ұрғанда ол қаза болды. (Мұса): “Бұл шайтан ісі. Өйткені, ол ашық адастырушы дұшпан” – деді. (Мұса): “Раббым! Рас, өзіме кесір істедім. Мені кешір!” – деді» (Қасас сүресі, 15-16-аяттар).
Сонымен қатар, шапағат ету туралы хадисте Қиямет Күні адамдар Мұса пайғамбарға келіп, Аллаһтан шапағат етуін сұра деп келген кезде Мұса былай дейді: «Расында, Раббым маған қатты ашулы, тіпті бұған дейін өйтіп ашуланбады да, бұдан кейін де бүйтіп ашуланбайды, себебі мен жазықсыз жанның қанын төктім!» әл-Бухари 4712.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтқан: “Өз негізінде Адам ата ұрпақтарының қаны харам етілген, тек шариғат рұқсат еткен жағдайдан басқа. Сондықтан Мұса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) өлтірген әлгі мысырлықтың қаны сияқты, қазіргі кездегі дағуат жетпеген кәпірлердің қаны сияқты Исламның бастапқы кезінде де өз негізіне сай кәпірлердің қаны харам етілген еді. Мұсаның әлгі кісіні байқаусызда өлтіріп алғанына қарамастан, бұл ісі осы дүниеде де, о дүниеде де күнә болып қалды!” Қараңыз: “әс-Саримул-мәслюл” 2/210.
[12] Бұқаралық ақпарат құралдары осы терактілердің барлығын «вахабилер» ұйымдастырып жатыр деп байбалам салып, адамдарды адастырып жатқаны қызық! Алдарыңызда тұрған Мұхаммед ибн ‘Абдул-Уәһһәбтың дағуатының шынайы мәнін білмейтіндер «уахаби» мемлекеті деп атайтын Сауд Арабиясының мүфтиінің сөзі. Шейх ‘Абдул-‘Азиз Али Шейхтен бұрын мүфти болған шейх Ибн Баз да, әрі оның танымал шәкірті шейх Ибн ‘Усәймин де дәл осындай сөздер айтқан. Неге осы ғалымдардың барлығы лаңкестік әрекеттердің тыйым салынғандығын айтып келеді?! Өйткені, Исламның шынайы үкімі осындай. Аталмыш мәселені алдын-ала кесіп-пішіп қарамай, керісінше объективті түрде түсіндіру қажет, әрі «уахабилік» деп аталатын түсінік пен экстремизмнің аражігін нақты ажырата білу керек. Бұл екі сөз бір-біріне синоним бола алмайды, себебі Үлкен Энциклопедиялық Сөздікте: «экстремизм – бұл шектен шыққан көзқарасты ұстану (көбінесе, саясатта)», десе, «уахабилік» туралы: «ваххабизм – Исламды (діни жаңалықтардан) тазарту мен мінез-құлықтың қарапайымдылығын уағыздайтын діни-саяси ағым» делінген. Қараңыз: Большой Энциклопедический Словарь под редакцией А.М. Прохорова.
«Уаххабизм» терминіне тағы оралайық, Ресей Ғылым Академиясының Африка институтының директоры, “Бүгінгі Азия мен Африка” журналының бас редакторы Васильев А.М. өзінің «Сауд Арабиясының тарихы» атты кітабының екінші тарауында былай деп жазады: “«Ваххабизм» – осы қозғалыстың қарсыластары немесе жәй араб еместердің оған таңған атауы”.
Осы мәселенің басқа қырынан алып қарар болсақ, мынадай сұрақ туындайды: егер осы жарылыстар мен террорлық актілердің барлығының себебі «ваххабизм» болатын болса, онда неге олар «ваххабилік» мемлекеттің өзіне шабуыл жасауын тоқтатпайды?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қазіргі таңда болып жатқан терроризм көріністерін тек адасқан ағымдардың идеологияларынан іздеу қажет.
[13] Имам Ибн әс-Саләх айтқан: “Негіз бойынша, жер бетінде кәпірлердің өмір сүру рұқсат етілгендігі, өйткені Аллаһ Тағала жаратылыстарды жоюды қаламайды, әрі жаратылыстары өлтіру үшін жаратқан жоқ! Расында, Аллаһ Тағала кәпірлерді тек олардан келетін зиянның кесірінен ғана өлтіруге рұқсат етті, олардың күпірлігінің (куфр) себебінен емес! Себебі, осы әлем – жаза әлемі емес, амалдардың жазасы Қиямет Күні болады. Егер кәпір мұсылмандардың билігіне кіріп, біздің рәсімдерімізді сақтайтын болса, біз олардан тұрмысымызды жөндеп пайда аламыз. Міне, осындай кезде біз оларды өлтіруімізге ешқандай себеп қалмайды, ал олардың жазасы Аллаһта. Кәпір кісі мұсылман елде болып, бәлкім оның өз болмысындағы (фитра) Аллаһ жаратқан нәрсені көріп қалар. Егер жағдай осындай күйде болса, онда: «Негізі бойынша, кәпірлерді өлтіру керек» деп айтуға болмайды!” Қараңыз: “Фәтәуә Ибн әс-Саләх” 224.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия «Адамдар лә иләһә иллә-Ллаһ деп айтпайынша мен олармен күресуге бұйрылдым» деген хадис жөнінде: “Бұл дегеніміз – пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барлығын бірдей өлтіре беруге бұйрылған, әрі оның мақсаты осы болған дегенді білдірмейді. Жоқ! Шынында, бұл Құран мен Сүннетке және бірауызды келісімге (ижмә’) қайшы келеді! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан бұлай істемеген, әрі оның өмірбаянына қарар болсақ, оған тиіспейінше, ол ешкімге тиіспеген!” Қараңыз: “Қа’ида фи қитал әл-куффәр” 117.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия тағы былай деген: “Ақиқатында, кәпірлермен тек бір ғана себеппен шайқасады, ол – соғыс! Бұл көпшілік ғалымдардың пікірі әрі бұған Құран мен Сүннет нұсқайды!” Қараңыз: “ән-Нубууәт” 140.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия тағы да былай деп айтқан: “Шын мәнінде, осы өмірде келетін жаза күнәнің ауырлығын не жеңілдігін білдірмейді, себебі осы өмір жаза орыны емес, жаза орыны – о дүние! Алайда, осы өмірдегі бекітілген жаза күнәһарлық пен дұшпандықты тыю үшін арналған, ол туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Соның салдарынан (Адам ұрпақтары бір-бірін өлтірудің салдарынан) Исраил ұрпақтарына: «Кімде-кім кісі өлтірмеген, немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған адамды өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең!» деп жаздық» (әл-Мәида сүресі, 32-аят). Періштелер де Аллаһтан: «Онда (жер бетінде) бұзақылық қылып, қан төгетін біреу жаратасың ба?» - деп сұрады (әл-Бақара сүресі, 30-аят). Періштелер айтқан осы екі нәрсе Аллаһ Тағаланың Исраил ұрпақтарына өлім жазасын бұйыруына себеп болды. Себебі, бүкіл мұсылмандардың бірауызды келісімі бойынша, жизья төлейтін кәпірлердің күнәсі, яғни иманды қалдыру (күпірлік) – зинақорлық, кісі қанын төгуден де ауыр болғанынан қарамастан, сол жизья төлейтін кәпірлер мұсылман жерлерінде өмір сүруіне рұқсат етіледі ғой! Әбу Ханифа да кәпірлермен тек олардың дұшпандығы себепті соғысады, егер олар соғыспаса, біз де олармен соғыспаймыз деп санаған. Сол себепті жизья тек Кітап иелерінен ғана емес, пұтқа табынушылардан да алынады. Мәлик және Ахмад өз пікірлерінің бірінде осымен келіскен”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 20/101.
Шейх Ибн әл-Қайим айтқан: “Адам өлтірудің рұқсат етілгендігі – сол кісінің күпірлігі себепті емес, керісінше шайқас себепті рұқсат етілген! Міне, сондықтан әйелдерді, балаларды, келісім-шарты бар кісілерді және шайқасқа қатыспайтын монахтарды өлтіру тыйым салынған! Біз тек бізбен соғысындармен ғана соғысамыз!” Қараңыз: “Әхкәму әһли-зиммә” 1/27.
[14] Имам әл-‘Изз ибн ‘Абдус-Сәләмнан: «Егер дұшпан әділетсіз әрі опасыз өлтірілген болса, осыған қуануға бола ма? Немесе бұл күнә жасағандығы үшін қуану бола ма?» - деп сұрағанда, ол: “Кісі өз дұшпанына қатысты Аллаһқа бағынбаушылық орын алып жатқанына қуануы – жиіркенішті іс. Егер де ол сол дұшпаннан келетін зияннан құтылдым деп, адамдарды қысымда ұстаудан, қаталдықтан құтылдық деп, әрі ол кісі қанын төгу сияқты Аллаһқа бағынбаушылық орын алды деп қуанбаса, онда олай қуанудың еш сөкеттігі жоқ” – деп жауап берген. Қараңыз: “Қауә’идул-әхкәм” 2/397.
[15] Хизбилер сөзі «хизб» – партия сөзінен алынған. Бұл жерде белгілі бір қайраткер негізін салған ислами ұйымдар мен ағымдар туралы сөз болуда. Осы партиялардың Исламға шақыру, Исламды тарату әдістері сол ұйымның негізін салған кісінің әдісі арқылы жүргізіледі, Құран мен Сүннеттің әдісі арқылы емес. Сондай партиялар аз емес, олардың әдістері әртүрлі және бір-біріне ұқсамайды. Нәтижесінде, олар мұсылман үмметіне сондай партиялар ашу арқылы орасан зор зиян тигізеді.
[16] «Әл-Иғтиял», көпше түрі «әл-Иғтияләт» – опасыз түрде адам өлтіру, немесе жасырын түрде білдірмей немесе алдау арқылы біреуді өлтіру. Қараңыз: “Лисанул-‘араб”, Ибн Мәнзур.
