Al-Hanifiya.kz

960_3.jpg

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Құрметті, бауырлар! Расында, тура жолда болуды қалайтын кез-келген адам Құран мен Сүннетті сахабалар сияқты түсінуі қажет. Өйткені, өздерін Исламға жатқызатын барлық адасқан ағымдар мен топтар «біз Құран мен Сүннетті ұстанамыз» деп мәлімдейді. Алайда, бұл жеткіліксіз және мұсылман үшін түрлі адасулар мен ауытқулардан құтылуға толық себеп бола алмайды. Өйткені, міндетті түрде Құран мен Сүннетпен қатар үшінші нәрсе қажет, ол – сахабалардың түсінігі!

Аллаһ Тағала былай дейді: «Иман келтіруде бірінші болған муһәжирлер мен ансарларға және жақсылықта оларға ерушілерге Аллаһ разы болды. Олар да Аллаһқа разы болды. Сондай-ақ олар үшін астарынан өзендер ағатын, әрі ішінде мәңгі болатын Жәннат бақтарын әзірлеп қойды. Міне, осы үлкен жетістік» (Тәубе сүресі, 100-аят).

Аллаһ Тағала тағы да  былай дейді: «Егер де біреу өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Аллаһ елшісіне қарсы шықса және мүминдердің (сахабалардың) жолынан өзге жолға еріп кетсе, Біз оны бұрылған жағына қарай бұрып қоямыз да, Тозаққа саламыз» (Ниса сүресі, 115-аят).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың барлығы Тозақта, тек біреуінен басқа», – деді. Одан: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар кімдер?», – деп сұрағанда ол: «Олар – менің және менің сахабаларымның жолымен жүргендер», – деп жауап берді. Ахмад 4/102, Әбу Дәуд 2/503, әт-Тирмизи 3/367, Ибн Мәджәһ 2/479, әд-Дәрими 2/241, әл-Хәким 1/128. Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия “Мәджму’ул-фәтәуә” 3/345, Ибн әл-Қайим “Мухтасар әс-Сауә’иқ” 2/410, имам әш-Шәтыби “әл-И’тисам” 1/189, хафиз әл-‘Ирақи “әл-Муғни ‘ан хамәлил-әсфәр” 3/199  және шейх әл-Әлбәни «Сахихул-джәми’» 5343 кітаптарында растады.

Әл-‘Ирбәд ибн Сәрия айтады: "Бір күні таң намазынан кейін Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға бір уағыз айтты, ол уағыздан біздің көздерімізге жас келіп, жүректеріміз тітіркенді. Сонда бір адам: «Бұл қоштасушы адамның уағызы ғой! Әй Аллаһтың елшісі, бізге не өсиет етесіз?», - деп сұрады. Сонда ол: «Мен сендерге тақуа болуларыңды, сондай-ақ тіпті егер эфиопиялық құл сендерді басқарса да, оны тыңдап, оған бағынуларыңды өсиет етемін. Араларыңда кімде-кім ұзақ өмір сүрсе, онда көптеген келіспеушіліктерді көреді. Сондықтан бидғаттан сақтаныңдар, себебі олар – адасушылық! Араларыңда кімде-кім сол уақытқа дейін өмір сүретін болса, онда менің Сүннетімді және ізгі халифалардың сүннетін азу тістеріңмен жабысып ұстаныңдар!»" Әбу Дәуд 4607, әт-Тирмизи 2676, Ибн Мәджәһ 43, 44, әд-Дәрими 1/44. Хадистің сенімділігін әд-Дыя әл-Мәқдиси «Иттибә’ әс-Сунән» 1/79, әл-Харауи «Заммул-кәләм» 1/69, әл-Бәғауи «Шәрху-Ссуннә» 102, Ибн ‘Абдул-Бәрр «әл-Джәми’» 1758, Әбу Ну’айм «әл-Му’табир» 78, Ибн әл-Қайим «И’ләмул-мууәққи’ин» 4/140, Ибн Раджәб «Джәми’ул-улюми уәл-хикәм» 391, Ибн Кәсир «Тухфәту-тталиб» 46, Ибн Хәджәр «Мууәфиқахул-хабәр» 1/137, әл-Әлбәни «әс-Сәхиха» 937 кітаптарында растады.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ең жақсы адамдар – менің кезеңімдегі адамдар. Одан кейін – олардан соң келгендер, сосын – олардан кейін келгендер». Әл-Бухари 3651, Муслим 2533.

Бұл сайттың мақсаты – иман келтірген адамды мұсылмандардың әуелгі буынына жақындату, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бен оның сахабаларының жолы туралы білім нұрын төгу, әрі иман келтірген адамның оларға ұқсауға деген ынтасын қолдап, жүрегінде оларға деген махаббатын арттыру, өйткені шын мәнінде «Адам өзінің сүйгенімен бірге болады» әл-Бухари 6170, Муслим 2641.

Шейх Мухаммад Нәсыруддин әл-Әлбәни былай деді: “Мұсылмандардың әуелгі буынының дағуаты үш тірекке негізделген:

1) Қасиетті Құран;

2) Сенімді жолмен жеткен Сүннет;

3) Сондай-ақ алдыңғы екі тіректі сахабалар мен табиғиндер және оларға тура ілескендердің қатарындағы алғашқы мұсылмандардың түсінігіне сай түсіну! Негізінде, бұрынғы және қазіргі кезде пайда болған кез-келген топтың адасуы – осы үшінші тірекке негізделмегендіктен!” Қараңыз: “Мәджәллә әл-Әсалә” № 23.